Шекарадағы Зайсан ауданының Шілікті ауылына интернет келді. Алтын адам шыққан тарихи мекеннің тұрғындары бұл күнді көп күтті. Енді ауыл халқы ұялы байланысқа емін-еркін қосылып, жаһандық желінің игілігін көретін болады, деп хабарлайды F16.kz.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ауданға жұмыс сапары кезінде түкпірдегі елді мекенге арнайы ат басын бұрып, Мәжіліс депутаты Ерлан Саировпен бірге көпшіліктің қуанышына ортақтасты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп бекітті. Бұл бағытта өңірде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Өңірімізде 357 елді мекен бар болса, соның қазір 98 пайызы интернетпен қамтамасыз етілген. Барлығы 14 антенна-мұнаралы қондырғы орнатылды. Сондай мұнараның бірі бүгін Шілікті ауылында да іске қосылып жатыр. Интернет байланысы жастардың жан-жақты білім алуына, ғылымға ден қоюына жол ашады. Президентіміздің цифрландыру жөніндегі тапсырмасы өңірде толық іске асады деп сеніммен айта аламын. Алдағы бір-екі жылда облыстың барлық елді мекені интернетке қосылады, – деді аймақ басшысы.
Шіліктіде орнатылған 15 метрлік антенна-мұнаралық қоныдырғы жер телімімен бірге Зайсан ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің балансына берілді. Ұялы байланыс операторы анықталып, нысан іске қосылды. Жергілікті тұрғын, көп жыл мәдениет саласында еңбек еткен Айгүл Досанова ауылға жаһандық желінің келуін ерекше мереке деп атап өтті.
Түнгі сағат 12-лер шамасында ұялы телефоным безілдеп, маза болмай кетті. “Бұған не боп қалды” деп қарасам интернет қосылып, неше күннен бергі туыс-туғандардың хат-хабары топырлап келіп жатыр екен. Қуанып кеттім. Бұл әрине желдің өтінде, шекара шетінде тұрып жатқан Шілікті сияқты шалғай ауылдардың халқына мемлекетіміздің жасап отырған мүмкіндігі деп білемін. Интернет – білімнің бастауы. Балаларымыз болашақта ғаламтор арқылы білім алып, жасанды интелектіні меңгеріп, жан-жақты дамиды. Ауыл тұрғыны әрі ана ретінде бұл жаңалыққа өте қуанып тұрмын, – деп ағынан жарылды ол.
Антенна-мұнаралы қондырғының іске қосылуы арқасында шалғайдағы елді мекен халқы телекоммуникация қызметтеріне қол жеткізіп, цифрлық жүйенің игілігін көруге мүмкіндік алды.




