Риддер қаласы Шығыстағы қысқы туризмнің Меккесіне айналмақ. Қазірдің өзінде мұнда еліміздің әр өңірінен және шетелден туристер ағылып келіп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Батыс Алтайдың баурайындағы кенді шаһарға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов туризмді дамыту бағытанда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Бүгінгі сапар аясында «Эдельвейс» тау шаңғы базасын аралап көрдім. Онда ауқымды жобалар қолға алынған. Қытай мен Ресейден, Еуропа елдерінен көптеген турис келіп жатыр екен. Риддердің сұлу табиғатына тамсанып, тамашалап жатыр. Шынымен де бұл жақтың табиғаты қысқы туризмді дамытуға өте қолайлы, қардың сапасы жоғары. Біз бұл қаланы қысқы демалыс аймағының орталығына айналдыруымыз керек. – деді аймақ басшысы.
Бүгінде «Эдельвейс» тау-шаңғы кешенінде қайта жаңғырту және дамыту жобасы қолға алынған. Жобаны «Скай Тау Риддер» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Жалпы инвестиция көлемі – 2,1 млрд теңге. Құрылыс пен жаңғырту жұмысы 2025-2028 жылдары кезең-кезеңімен жүргізіледі және «NurAnCell» ЖШС-ның қаржылай қолдауымен іске асырылады. Негізгі мақсат – жыл он екі ай жұмыс істейтін, заманауи әрі көпфункциялы туристік кешен қалыптастыру.

Бірінші кезең: ғимарат жаңартылып, инфрақұрылым жөнделді
Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең 2025 жылғы наурыздан қарашаға дейін жоспарланған. Бұл уақытта «Эдельвейс» қонақүй кешенінің негізгі ғимараты толықтай жаңартылып, инфрақұрылым ретке келтірілді. Сонымен қатар барлық инженерлік желі ауыстырылып, аспалы жолдың жобалық-сметалық құжаттары әзірленеді. Бірінші кезеңде 400 млн теңге инвестиция қаражаты игерілді.
Екінші кезең: қонақүй, SPA-кешен, аспалы арқан жол
Екінші кезең 2026–2027 жылдарға жоспарланған. Бұл кезеңде премиум санаттағы нысандар салынады. Атап айтқанда, 30 орындық қонақүй, SPA-кешен, қарда жүретін техникаға арналған ангар бой көтереді. Онда моторлы шана, багги, мотоцикл және өзге де техникалар сақталады. Сондай-ақ аспалы жол орнатылады. Бұл кезеңге бағытталған инвестиция көлемі – 1,1 млрд теңге.
Үшінші кезең: тікұшаққа арналған ангар, моторлы шана жолы
Ал үшінші кезең 2027–2028 жылдары жүзеге асады. Жоба аясында мотокросс, эндуро, багги, квадроцикл, маунтинбайк және тауда жүретін моторлы шаналарға арналған арнайы трассалар салынады. Бұл жерде халықаралық деңгейдегі жаттығулар мен жарыстар өткізуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар отбасылық демалысқа арналған шағын аспалы жолдар орнатылып, арнайы техника мен тікұшақтарға арналған ангар салу көзделген. Үшінші кезеңдегі инвестиция көлемі 600 млн теңгеден асады.

Қазір кешеннің негізгі ғимаратында техникалық қайта жаңғырту жұмысы толық аяқталған. Жылыту жүйесі жаңартылып, желдету, сумен жабдықтау жүйелері заманауи талаптарға сай жетілдірілді. Ғимараттың сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары толық орындалған. Жаңадан жалға беру пунктін ұйымдастыру жұмысы аяқталуға жақын.

40 тұрақты жұмыс орны ашылады
Қонақүйде жатын бөлмелер саны 15-ке дейін көбейіп, бір мезетте 30 туристі қабылдауға мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ қонақтар үшін монша, кір жуу орны және спорттық киім-кешек кептіруге арналған арнайы бөлме қарастырылған.
Жобаны іске асыру кезеңінде 10 уақытша жұмыс орны құрылды, ал кешен толық пайдалануға берілгеннен кейін 25-40 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл бастама өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңір экономикасының дамуына тың серпін береді.




