Елорда төтінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Орнықты болашаққа ортақ көзқарас» тақырыбымен Өңірлік экологиялық саммит (ӨЭС) басталды, деп хабарлайды F16.kz порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
БҰҰ және өзге де халықаралық ұйымдардың қолдауымен ұйымдастырылған алқалы жиынға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Премьер-министрі Әли Асадов, Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух және Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов келді.
Сонымен қатар саммитке БҰҰ агенттіктерінің, жетекші халықаралық ұйымдардың (ЕҚЫҰ, ЭЫҰ, ЭЫДҰ, ТМҰ, ШЫҰ, ЕЭК, ИСЕСКО, АӨСШК және т.б.) және қаржы институттарының (АДБ, ЕҚҚДБ, Дүниежүзілік банк, Ислам даму банкі) өкілдері қатысып жатыр.
Ауқымды диалог алаңының негізгі мақсаты – экожүйелерді, су және жер ресурстарын қорғау мен қалпына келтіру, сондай-ақ оларды бірлесіп пайдалану бойынша тиімді тетіктер қалыптастыру. Сонымен қатар, Орталық Азия өңіріндегі биоалуантүрлілікті сақтау мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.
Саммит аясында өтетін пленарлық отырыста бірқатар мемлекеттің басшысы және халықаралық ұйым өкілдері сөз сөйлейді деп жоспарланған.
Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуа, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының атқарушы директоры Ингер Андерсен және БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Татьяна Молчан да баяндама жасайды.
Саммит өңірлік экологиялық қауіпсіздік пен орнықты даму мәселелерін талқылайтын маңызды халықаралық алаңдардың бірі болмақ.



