5 шілде күні Ұлттық домбыра күні аясында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Асыл мұра» атты ауқымды концерт өтеді. Елорда күні қарсаңында ұйымдастырылатын мәдени жоба биыл бесінші рет көрерменге жол тартпақ. Концерт сағат 17:00-де басталады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Асыл мұра» – қазақ халқының дәстүрлі өнерін ұлықтап, ұлттық музыкалық мұраның тарихи-мәдени құндылығын кеңінен насихаттауға бағытталған бірегей жоба. Сонымен қатар ол өңірлік орындаушылық мектептердің сабақтастығын сақтап, домбыра өнерінің қазіргі мәдени кеңістіктегі маңызын айшықтауды мақсат етеді.
Іс-шараның басты мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі музыка өнерін дәріптеу, сирек орындалатын шығармаларды жаңғырту және ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайту.
Концерт барысында қазақтың дәстүрлі әншілік және күйшілік өнерінің Арқа, Сыр, Жетісу, Алтай-Тарбағатай және Батыс өңірлік мектептері кеңінен таныстырылады. Көрермендер әр мектептің өзіндік ерекшелігін танытатын әндер, жырлар мен күйлерді тамашалап, ұлттық өнердің сан қырлы болмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады.
Мәдени кешке еліміздің танымал өнер қайраткерлері мен дәстүрлі өнер шеберлері қатысады. Атап айтқанда, сахна төрінде Сержан Мұрсайын, Перизат Тұрарова, Өзгеріс Шерікбай, Бейбіт Мұсаев, Ардақ Балажанова, Нұржан Жанпейісов, Алмас Алматов, Елмұра Жаңаберген, Марат Сүгірбай, Күнсұлу Түрікпен, Айгүл Қосанова, Дастан Есентеміров, Айгүл Елшібаева, Қазбек Әдікей, Медет Салықов, Клара Төленбаева және Гүлмира Сарина өнер көрсетеді.
Сонымен қатар көрермендер «Қорқыт» ансамблінің, «Шалқыма» би ансамблінің, «Дала Sound» квартетінің және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония хорының өнерін тамашалай алады.
Биылғы концерттің ерекшелігі – дәстүрлі өнер мен заманауи технологиялардың үйлесім табуы. Іс-шара барысында мультимедиалық визуализация, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект элементтері қолданылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлайтын жаңа формат ұсынылмақ.
Осылайша, «Асыл мұра» концерті ұлттық өнердің терең тамырын заманауи технологиялармен сабақтастырып, дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстырған тағылымды мәдени кешке айналмақ.





