Шығыс Қазақстан облысында мемлекет қолдауымен шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Әсіресе ауыл-аймақты дамытып, жұмыс орындарын құруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы үлкен маңызға ие. Былтыр аталған бағдарлама аясында 1,5 миллиард теңгеге 115 жоба қаржыландырылған, деп хабарлайды F16.kz.
Қаражаттың 70%-дан астамы туризм, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларына бағытталған. Атап айтқанда туризм саласында 46 жоба, ауыл шаруашылығына жатпайтын қызмет түрлері бойынша 27 жоба және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 20 жоба іске қосылды. Сонымен қатар техника сатып алу, өсімдік шаруашылығы және құс шаруашылығы салаларында 22 жоба қолдау тапқан. Бағдарлама нәтижесінде 246 тұрақты жұмыс орны құрылды.
29 сәуірдегі жағдай бойынша 882 миллион теңге сомасына 48 өтінім мақұлданған. 35 жоба іске асыру кезеңіне өткен. Биыл бағдарлама аясында 4,5 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Бұл қаражат шамамен 245 жаңа жобаны қолдауға мүмкіндік береді, — делінген облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінде.
Өткен жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өңір экономикасындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 24%-дан асып, 856 миллиард теңгені құрады. Ал, инвестиция көлемі 130 миллиард теңгеден асқан.
Қазір өңірдегі бизнесті жергілікті деңгейде қолдау тетіктері белсенді жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда, «Даму» ҚДҚ» АҚ-мен бірлесіп «Ақ-Ниет» және «Өрлеу» өңірлік бағдарламалары жүзеге асырылуда. Осы бағдарламалар аясында өткен жылы жалпы сомасы 58 миллиард теңгені құрайтын 312 жоба қолдау тапқан.




