Биыл Шемонаиха ауданының Камышинка және Октябрьское ауылдарында өрт сөндіру бекеттері ашылды. Жыл соңына дейін тағы бір бекет ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгінде ауданда үш мемлекеттік өрт сөндіру бөлімі мен жеті өрт сөндіру бекеті жұмыс істеп тұр.
Айта кетейік, жаңа нысандар аудан әкімдігі мен шаруа қожалықтарының күшімен ашылған және Төтенше жағдайлар министрлігі берген арнайы техникалармен жабдықталған.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шемонаиха ауданына жұмыс сапары барасында ТЖМ «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жақында қолданысқа берілетін Сугатовка ауылындағы өрт сөндіру бекетіне барды. Бағдарлама ауылдық жерде өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға және төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге бағытталған. Өрт сөндіру бекеті қажетті жабдықтармен және техникамен толық қамтамасыз етілген.
Бұл бекеттер «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында салынды. Жыл соңына дейін осындай тағы төрт бекет ашылады. Келер жылы 30 бекет бой көтереді. Ондағы мақсат – ауылдық жердегі орман және дала өрттерінің алдын алу жұмысын тиімді ұйымдастыру. Сонымен қатар бұл бекеттер өрт шыққан жағдайда құтқарушылар келгенге дейін шұғыл әрекет етіп, жергілікті жердегі күштерді үйлестіріп, тілсіз жаудың таралуына тосқауыл болады, – деді облыс әкімі.
Жаңадан ашылған өрт сөндіру бекеті Сугатовка, Горкуново, Кенюхово ауылдарының халқына қызмет етіп, тұрғын үйлерге, шаруашылықтарға және әлеуметтік инфрақұрылымға келетін залал қаупін азайтуға көмектеседі.
«Заря» шаруа қожалығы өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға белсенді қатысуда. Өрт сөндіру бекетінің құрылысы осы шаруа қожалығының қолдауымен жүзеге асырылғанын айта кету керек.




