Бүгін Өскемендегі Аблакетка ауданының тұрғындары жиылып, қоғамдық көлік мәселесін кезекті рет көтерді. Халықтың талабы біреу – жолаушылар тасымалдау қызметін дұрыс атқара алмай отырған “Бахыт жол” ЖШС—ны басқа компанияға ауыстыру, деп хабарлайды F16.kz.
Халық әбден шаршады, таңертең және кешкі уақытта автобуспен жүру мұң. Балалардың мектепке барып-келуі қиямет қайымға айналды. Аялдамада сағаттап күтеді, автобус келгенде де балалар сыймай қалып жатады. Өйткені кіруге шамалары жетпейді, іші лық толып адам. Жарайды қысылып-қымтырылып отырып алған күннің өзінде діттеген жерге жетуге ешқандай кепілдік жоқ. Ескі көлік кез келген жерде бұзылып, тоқтап қалуы мүмкін. Қазір күн жылы болып тұр, қыстың қақаған аязында не істейміз сонда?! – деп шулады жергілікті тұрғындар.
Жолаушылар тасымалдаумен айналысатын серіктестік басшылығы автобустардың кешеуілдеп жүруін мемлекеттен берілетін субсидияның толық төленбеуінен деп түсіндірді.
Автобустарымыздың кешігуіне мемлекеттен берілетін субсидия толық және уақтылы төленбеуі себеп болып отыр. Сонымен бірге билет құны да уақтылы қаралмайды. Қазір біз адамдарды 2023 жылы бекітілген тарифпен тасып жүрміз, – деді «Бахыт жол» ЖШС директоры Елена Ряденских.
Өскемен қаласы әкімдігінің мәліметінше, Аблакетка ауданына қатынайтын бірнеше бағыттағы автобустар “Бахыт жол” ЖШС-ға тиесілі. Жолаушылар тасымалдағаны үшін аталған серіктестік мемлекеттен белгілі бір мөлшерде субсидия алып отыр. Мемлекеттен қолдау көріп отырса да компанияның жұмысы ақсап тұр: қоғамдық көліктері ескі және жиі бұзылады, сондықтан сирек жүреді.
Биыл тасымалдаушыға 400 млн теңге көлемінде субсидия қарастырылған. Бүгінге дейін компания 300 млн теңгесін алды. Ал 100 млн теңгеден астам қаражат тасымалдаушы автобустардың жүру жиілігіне қатысты міндетін орындамағаны үшін төленген жоқ. Бұл заңмен белгіленген айыппұл санкциясы. Өйткені тиісті сот шешімі бар, соған сәйкес қазіргі тасымалдаушы қоғамдық көліктердің жүру жиілігін 85 пайыздан төмен түсірмеуі керек еді. Бірақ сот шешімі шыққаннан кейінгі төрт айда бұл талап орындалған жоқ, жүру жиілігі ары кетсе 60-65 пайыз деңгейінде ғана болды. Сол себепті тасымалдаушыны ауыстыру мәселесі күн тәртібіне қойылды, – деп түсіндірді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Абзал Мәулетханов.
Жергілікті жұрттың айтуынша, қала шетіндегі Аблакетка ауданында қоғамдық көлік мәселесі кейінгі 4-5 жылда тіпті ушыққан. Пандемиядан соң бұл жаққа автобустар өте сирек жүре бастаған. Талай табалдырықты тоздырып, жауапты орындарға сан мәрте жүгінген қарапайым халықтың ендігі үміті облыс әкімінде. Сол үшін бүгін аудан тұрғындары жиылып, үндеу жасады.
Біз, Аблакетка тұрғындары облыс және қала әкімдерінен көмек сұраймыз. Аблакеткаға жолаушылар тасымалдайтын “Бахыт жол” ЖШС-ны дұрыс жұмыс істейтін, жауапкершілігі жоғары басқа бір тасымалдаушыға ауыстырып берсеңіздер. Төрт жылдан бері біз осы компаниямен неше рет соттасып, барлығында жеңіп шықтық. Бірақ жағдай оңалған жоқ. Желіге шығуға тиіс 16-19 автобустың орнына бес-алтауы ғана жүреді. Міне, қазір қолымда аудан тұрғындары қол қойған қағаз бар. Олардың бәрі қазіргі тасымалдаушыны ауыстыруды сұрайды, – деді тұрғындар атынан сөйлеген Вера Томская.




