Қазақстанда 2025 жылы бала тууына және бала 1,5 жасқа толғанға дейін оны күтіп-бағуына байланысты мемлекеттік жәрдемақылармен, МӘСҚ есебінен төленетін әлеуметтік төлемдермен 565,7 мың адам қамтылды. Төлемдердің жалпы сомасы 806,8 млрд теңгені құрады. Бұл туралы F16.kz сайты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сондай-ақ бала туғанда берілетін жәрдемақымен 338 мың адам қамтылып, 61,1 млрд теңге төленген. Аталған жәрдемақыға бала туған, асырап алған және қамқорлыққа алған балалары бар еліміздің азаматтары, қандастар мен Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады.
Балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмаған жағдайда туған, асырап алған, қорғаншылыққа алған балалары бар, егер олар басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалары бар адамдардың (отбасылардың) бала күтіміне байланысты жәрдемақы алуға құқығы бар. Есепті кезеңде 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жәрдемақымен 44 млрд теңге сомасына орта есеппен 125,3 мың адам қамтылды, оның ішінде желтоқсан айында 3,8 млрд теңге сомасында 128,9 мың адам алды, — делінген хабарламада.
Бала тууына және бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген айлық есептік көрсеткішке (бұдан әрі — АЕК) байланысты белгіленеді.
2025 жылы бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері:
— бірінші, екінші, үшінші балаға — 38,0 АЕК немесе 149 416 теңге;
— төртінші және одан кейінгі балаларға — 63,0 АЕК немесе 247 716 теңгені құрады.
Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ай сайын келесідей мөлшерде төленді:
— бірінші балаға — 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
— екінші балаға — 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
— үшінші балаға — 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
— төртінші және одан кейінгі балаларға — 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.
Бұдан басқа жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күніне тағайындалады. Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.
Аталған біржолғы төлемді 2025 жылы жалпы сомасы 276,2 млрд теңгеге 200,8 мың адам алды, оның ішінде желтоқсан айында 16,3 млрд теңге сомасында 17,1 мың адамға берілді. Есепті кезеңде тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 415 135 теңгені құрады.




