Төр Алтайдың қойнауында орналасқан Аршаты ауылы – табиғатымен ғана емес, тұрғындарының ұйымшылдығымен де ерекшеленетін елді мекен. Мұнда келген жан ең алдымен тазалық пен тәртіпке, әр үйдің ұқыпты қалпына және ауыл ішіндегі берік бірлікке назар аударады. Бос қалған немесе қараусыз үйлерді кездестіру қиын, ауыл келбеті жүйелі әрі жинақы.

Аршатылықтардың басты құндылығының бірі – ауызбіршілік. Тұрғындар арнайы қор құрып, ортақ мәселелерді бірлесе шешуді қалыпты дәстүрге айналдырған. Қандай істі қолға алса да, ауыл халқы жұмыла әрекет етіп, ортақ мақсатқа бірге жетуге тырысады. Осындай ұйымшылдық ауылдың әлеуметтік және тұрмыстық жағдайының тұрақты дамуына ықпал етіп отыр.
Ауылдағы негізгі білім беру ошағы Аршаты орта мектебінде қазір 32 оқушы білім алып, 20 педагог жұмыс істейді. Ұстаздардың басым бөлігі жоғары білімді мамандар. Мектептің білім сапасы 74 пайызды құрап, аудан көлемінде жақсы көрсеткіштердің қатарында. Соған қарамастан білім ошағындағы өзекті мәселенің бірі – оқушы санының азаюы. Биыл мектепті төрт түлек аяқтайды. Келер жылы білім ошағында бар болғаны 28 оқушы қалады. Ал бірінші сыныпқа қабылданатын бала жоқ. Бұл жағдай ауылдағы жас отбасылар санының азаюымен тікелей байланысты.
Дегенмен мектеп ұжымы бұл қиындыққа қарамастан, даму бағытын тоқтатқан емес. Жыл сайын оқу орнына жас мамандар келіп, ұжым жаңарып жатыр. Биыл педагогикалық құрамға Динара Шаймарданова мен Назыкеш Түркістанова есімді педагогтер қосылды. Олар информатика, математика пәндерінен сабақ беріп, сонымен қатар ұйымдастыру жұмыстарына да белсенді атсалысады.

Мектептің материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытында жұмыс жалғаса береді. 1972 жылы салынған ғимарат кезең-кезеңімен жөнделіп жатыр. Қазір жылу батареялары мен терезелер ауыстырылған. Алайда электр желісін жаңарту мәселесі әлі де шешімін таппай отыр.
Ауыл түлектері де туған мектебіне қолдау көрсетуден тартынбайды. Олардың демеушілігімен білім мекемесінің қоршауы жаңартылып, су тартылды. Алдағы уақытта спортзалға су кіргізу жоспарланған.
Білім ордасында шағын орталық жұмыс істейді, онда жеті бала тәрбиеленеді. Оқушылар аудандық және облыстық олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Мектеп директоры – осы ауылдың тумасы, тәжірибелі педагог Жанерке Құрметжанова. Ол 20 жылдық еңбек өтілі бар маман ретінде білім ордасын бес жылдан бері басқарып келеді.
Жас мамандардың бірі – тарих пәнінің мұғалімі Ақжол Мейірбекұлы. Туған ауылына оралып, ұстаздық жолды таңдаған ол бүгінде 6–10 сынып оқушыларына сабақ беріп, оларды түрлі білім сайыстарына дайындап жүр. Жас ұстаздың шәкірттері аудандық және облыстық олимпиадалардан олжасыз оралған емес.
Арманым – туған ауылымда еңбек етіп, мектептің дамуына үлес қосу. Жастар да туған жерін көркейтуге атсалысса деймін, – дейді жас ұстаз.
Бүгінде Аршаты орта мектебі алдында тұрған негізгі міндет – оқушы санын көбейту және ауылға жас отбасыларды тарту. Бұл бағытта ауылдық округ әкімдігі де көші-қон жәрмеңкелері арқылы жұмыс жүргізіп жатыр.
Аршаты – табиғаты көркем ғана емес, береке-бірлігі бекем ауыл. Мұндай елді мекендердің болашағы білімді жастар мен еңбекқор ұстаздардың қолында екені анық.
Тимур Смағұлов




