Биыл Шығыс Қазақстан облысында жеті мектеп салынып, барлығы бір мың орынға арналған төрт балабақша ашылады. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Өңірде балалардың білім алуына жайлы жағдай жасап, заманауи орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды жобалар қолға алынған. Негізгі бағыттардың бірі — жаңа мектептер салу. Бүгінде демеуші қаражаты есебінен Риддер қаласында 600 орындық білім ордасы салынып жатыр. Оған қоса оффтейк-келісімшарт негізінде жалпы сыйымдылығы 550 орын болатын тағы алты мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл мақсатқа 5,75 млрд теңге қарастырылған.
Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы 1000 орынға арналған төрт балабақша ашылмақ.
Басқарма басшысы 2026 жылы 1,4 млрд теңгеге 42 білім беру нысанында жөндеу жүргізілетінін айтты. Олардың қатарында мектеп, балабақша, балалар үйі, колледж және қосымша білім беру ұйымдары бар.
Білім беру ұйымдарын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмайды. Өңірде жалпы сомасы 427,2 млн теңгеге 35 заманауи пән кабинеті орнатылады. Олардың қатарында химия, физика, биология, сондай-ақ STEM және роботты техника кабинеттері бар. Бұл білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, – деді Қуат Оқасов.




