Шығыс Қазақстан облысының Бозанбай ауылында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған Ainala оңалту орталығы ашылды, деп хабарлайды F16.kz.
«Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай қайырымдылық операторының қолдауымен Baquatty aimaq qory қоғамдық қоры Esen Foundation жеке қорымен бірлесіп, ауылдарда әлеуметтік және инклюзивтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған BAQUATTY AIMAQ бастамасын қолға алған. Бұл орталық соның аясында және өңір әкімдігінің тікелей қолдауымен өз жұмысын бастап отыр.
Жалпы ауданы 1500-ге жуық шаршы метр болатын үш қабатты ғимаратта аутизм спектрінің бұзылысы бар балаларға кешенді көмек көрсетіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттілігі бар балаларға тиісті жағдай жасау жөнінде әрдайым тапсырма беріп отырады. Соның аясында атқарылып жатқан жұмыстың бір көрінісі – Ainala оңалту орталығы. Біздің облыста бұл санаттағы 3 мыңнан астам бала бар. Олардың білім алып, дамуына жол ашып, ата-анасына қолдау көрсету бағытындағы жұмысты ары қарай жалғастырамыз, — деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Орталық бір мезгілде 50 баланы оңалтумен қамти алады. Мұнда невролог, психиатр, психолог, логопед, дефектолог және емдік денешынықтыру нұсқаушылары қызмет көрсетеді. Орталық АВА-терапия, емдік денешынықтыру, механотерапия, сенсорлық интеграция кабинеттерімен, еңбек және арт-терапия аймақтарымен жабдықталған. Әртүрлі диагноздардың ерекшеліктерін ескере отырып іріктелген жабдықтар Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Финляндия сынды елдерден алынған.




