Өскемен шетіндегі Шешек демалыс аймағы қала тұрғындары көп баратын танымал орынға айналды. Болашақта бұл жер жекеменшік иелікке беріліп, қызмет көрсету сапасы қазіргіден де жоғарылай түспек. Бұл туралы қала әкімі Алмат Ақышов айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Шаһар басшысының айтуынша, аймақты жобалау кезінде демалушылар санының қалыпты деңгейде болатыны болжанған. Бірақ шын мәнінде Шешекке баратындар қатары бастапқыда ойлаған мәжеден асып түскен.
Біз 40 автокөлікке арналған тұрақ жасадық. Алғашында оны толық пайдалану мүмкін емес деп ойладық. Алайда іс жүзінде келушілер саны біз күткеннен көп болып, тұрақта орын жетіспей қалды. Бұл демалушыларға қолайсыз жағдай тудырып отыр, — деді Алмат Ақыщов.
Жобаның сәтті шыққанын Шешекке ат басын байлаған демалушылар санының күрт өсуінен көруге болады. Қазір онда тамаша табиғат аясында демалуға барлық ыңғайлы жағдай жасалған. Ең бастысы халықтың көңілінен шығып, сұранысына ие болды.
Жергілікті билік демалыс аймағын одан әрі дамыту үшін екі нұсқаны қарастырып жатыр. Оның біреуі жеке инвесторға конкурс арқылы басқаруға беру (конкурстық комиссия құрамында депутаттар қатысады), екіншісі аймақты кеңейту үшін бюджет қаражатын пайдалану.
Өскемен әкімі алғашқы нұсқа барлық жағынан тиімдірек болатынын айтты. Алдымен конкурс арқылы инфрақұрылымды дамытуға ниетті инвестор анықталады. Содан кейін жаяу адамдар жүретін аймақ кеңейттіліп, жарық тартылып, тұрғындарға арналған қосымша демалыс нысандарын салынады.
Тұрғындардың сұранысына сай келетін қызмет түрлерін қамту керек. Мәселен, ат спорты базасы, иппотерапия алаңы, мейрамхана дегендей. Ең тартымды жоба ұсынған адам конкурста жеңіске жетіп, оны жүзеге асыруға мүмкіндік алады, — деді қала әкімі.
Бюджет есебінен салынған күнқағарлар мен басқа нысандар тегін болып қала береді.
Қала билігі конкурс нәтижесін жаз мезгіліне дейін жариялап, демалыс маусымы қызған шақта көпшілікке тамаша тарту жасамақ.




