Зайсан және Катонқарағай аудандарында салынып жатқан әуежайлардың құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінде жұмыстың көбі бітіп, азы қалды. Биыл жазда ашылады деп жоспарланған бұл нысандар шекаралық аймақтың дамуына қалай әсер етеді? Жаңа әуежайларда қандай қызметтер көрсетіледі? Ұшақтар қай бағыттарға қатынайды? Билет бағасы қанша болады? F16.kz тілшілері оқырманды қызықтырған осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеді.
Шығыс Қазақстан облысы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәліметке сәйкес, Катонқарағай ауданында жаңа әуе айлағы биылғы III тоқсанда, ал Зайсандағы нысан мамыр-маусым айларында іске қосылады. Құрылыс аяқталған соң Астана, Алматы, Өскемен, Семей қалаларына тікелей әуе рейстері ашылады. Сондай-ақ ауданішілік және халықаралық әуе қатынасын дамыту көзделіп отыр. Рейстердің жиілігі әуежайлар пайдалануға берілгеннен кейін нақтыланады.
Облыс аумағында жолаушылар тасымалдайтын әуе компанияларының шығынын субсидиялау мәселесі қарастырылған. Мәселен, Өскемен-Зайсан және Өскемен-Катонқарағай бағыттарында қатынайтын ұшақтардың шығынын өтеу облыс бюджеті есебінен жүргізіледі деп жоспарланып отыр, – деді жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Мәулетханов.
Ұшақ билетінің нақты бағасы жаңа рейстер ашылған соң белгілі болады. Дегенмен Ернар Мәулетханов Өскемен-Катонқарағай, Өскемен-Зайсан бағыттарындағы ұшақ билетінің құны бір адамға шамамен 15-20 мың теңгеден аспайтынын айтты.
Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің «Қазаэронавигация» РМК хабарлауынша, жаңа әуежайлардың негізгі техникалық және пайдалану параметрлері айқындалған:
Ұшу-қону жолағы: 2200×35 метр, болашақта ұзындығын 3000 метрге дейін жеткізуге болады.
Әуе кемелері: Bombardier Q400, ATR 42/72, CRJ200 үлгідегі ұшақтарды қабылдай алады.
Жолаушылар терминалы:
Терминал сағатына 150 жолаушыға дейін өткізе алады. Терминал қазіргі заманғы халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Жолаушыларға арналған барлық қажетті инфрақұрылым қарастырылған: жайлы күту залдары, ана мен балаға арналған бөлме, қоғамдық тамақтану орны, бөлшек сауда нүктелері, ғибадат жасауға арналған бөлме болады.
Сонымен қатар әуежайда бизнес-лаундждер мен Duty Free дүкендерін ашуға мүмкіндік бар. Мүгедектігі бар адамдар мен көп қозғала алмайтын жандарға ыңғайлы болу үшін кедергісіз орта жасалады. Атап айтқанда жолаушылар терминалының бейімделген инфрақұрылымы, санитария-тұрмыстық үй-жайлар, көру және дыбыстық навигация, ерекше жандарға арналған мамандандырылған қызмет көрсету қарастырылған, – деді «Қазаэронавигация» кәсіпорнының жетекші инженері Ләззат Тумышева.
ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, жаңа әуежайларда қажетті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапқан. Айталық, бір әуежайдың қалыпты жұмыс істеуі үшін 18 мамандық бойынша 57 қызметкер қажет. Қазір қажетті мамандарды «Өскемен қаласының әуежайы» АҚ базасында даярлап жатыр. Бұған қоса жергілікті тұрғындар арасынан кандидаттар іріктелген.
Әуежайларды кадрмен қамтамасыз ету мақсатында былтыр 17 қыркүйекте Зайсан ауданында, 24 қыркүйекте Катонқарағай ауданында «Өскемен әуежайы» АҚ, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы, Еңбек мобильділігі орталығы өкілдерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды, – деді Ернар Мәулетханов.
Оның айтуынша, Зайсандағы жәрмеңкеге 105 адам қатысып, олардың 64-і әуежайда жұмыс істеуге ниет білдірген. Бұл адамдар «Өскемен әуежайы» АҚ белгілеген біліктілік талаптарына сәйкес келген.
Катонқарағай ауданында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан 70 адамның 27-сі жұмысқа орналасуға қызығушылық танытқан.
Аймақ басшылығы Зайсан мен Катонқарағай аудандарында салынып жатқан жаңа әуежайлардың іске қосылуы өңірдің көлік инфрақұрылымын едәуір жақсартып, туризмнің өркендеуіне тың серпін береді деп сенеді. Астана, Алматы, Өскемен және Семей бағыттарында тікелей әуе рейстерінің ашылуы шекаралық аймақтың әлеуметтік-экономикалық және туристік дамуына ықпал етпек. Әуежайлар заманауи талаптарға сай жабдықталып, жолаушыларға толыққанды қызмет көрсетеді, ал рейстерді субсидиялау арқылы билет бағасын халық үшін қолжетімді деңгейде ұстап тұру көзделген. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де шешімін тауып, жаңа жұмыс орындары ашылады.




