Экология департаменті қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде «Шығыс Жылу» АҚ-ға (№2 қазандық) қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде кәсіпорынға айыппұл салынды, деп хабарлайды F16.kz.
Тексеру барысында шығарылған улы газ мөлшеріне бақылау жүргізілді.
Көміртек тотығының деңгейі белгіленген нормативтерден төрт есе асып кеткені анықталды. Бұл шаң мен газ жинайтын жабдықтың сыртқа бөлінетін газды уақытында тазартуды толық қамтамасыз етпегендігін көрсетеді, — деді облыстық экология департаментінің мамандары.
Сонымен қатар қолайсыз метеожағдай кезінде ауаға тарайтын заттардың мөлшерін азайту талаптары сақталмаған.
Тексеру нәтижесінде кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, шамамен 3,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, — деп жазылған департамент хабарламасында.
Жылумен қамту кәсіпорнына анықталған заң бұзу деректерін жою туралы нұсқама берді..




