Экология департаментінің мамандары Өскеменнің бірнеше ауданында атмосфералық ауа сапасын тексеріп, мониторинг жүргізді. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Жібек маталар комбинаты (КШТ) шағын ауданы ауасы таза аудандарының бірі болып шықты, деп хабарлайды F16.kz.
Мамандар жүргізген көшпелі мониторинг қала аудандарындағы экологиялық ахуал қандай екенін көрсетті. Зерттеу қорытындысына сүйенсек, ЖМК шағын ауданында ауа сапасы салыстырмалы түрде жақсы. Бұл аумақта ауа таза, тек кей жерлерге жеңіл тұман түскен.
От жағатын жер үйлері көп Меновное ауылын сұрғылт қою түтін басып тұрғаны бірден байқалған. Өлшеу барысында ауадағы зиянды бөлшектер – PM2.5 және PM10 көрсеткіштері рұқсат етілген шекті мөлшерден бірнеше есе жоғары екенін анықталған. Дәл осындай жағдай Защита шағын ауданы мен Мирный кентінде де болды. Жер үйлердің от жағуы салдарынан аталған аудандардағы ауа құрамында ұсақ қатты бөлшектердің шектен тыс артуы байқалған.
Мамандардың түсіндіруінше, қатты отынды пайдаланғанда күйе мен күл пайда болады. Оның ұсақ бөлшектері ауаға тарайды. Мұндай бөлшектер адам денсаулығына аса қауіпті, себебі олар тыныс алу жолдарына оңай кіріп, ағзаны зақымдайды.
Сонымен қатар экологтар күн кұрт суытқанда Үлбі және Ертіс өзендерінен көтерілген бу тұманға айналып, қаланың үстінде шөгіп жататынын айтты. Қолайсыз ауа райы жағдайында мұндай тұман ауа ластануына әсер етуі мүмкін.
Зерттеу жұмысынан кейін мамандар Өскемендегі атмосфералық ауаның ластануына көліктердің көптігі, өнеркәсіп орындары мен жылу электр орталықтарының жұмысы, сондай-ақ от жағатын жер үйлердің көбеюі себеп болады деген қорытындыға келді.




