Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлан ауданының Бозанбай ауылында дәстүрлі бүркітшілер тойы басталды. Алыс-жақын тоғыз шет мемлекеттен және ел өңірлерінен ат басын бұрған екі жүзге жуық саятшы Азия кубогін сарапқа салады.
Сонымен қатар биылғы додада ерекше аталым бар: «Ең үздік ұлттық Салбурын киімі». Серілердің сырт келбетіне, ұлттық нақышпен өрнектелген саятшыға тән ыңғайлы, ықшам киіміне арнайы комиссия өкілдері баға берді, деп хабарлайды F16.kz.
Ұлттық киім – халқымыздың болмысын, салт-дәстүрі мен эстетикалық талғамын танытатын мәдени мұра. Ал саятшылық өнерде киімнің көркемдігімен қатар, оның қолайлылығы мен ықшамдығы да маңызды. Сондықтан қазылар алқасы қатысушылардың киім үлгілерін бағалау кезінде осы ерекшеліктерге назар аударды.
«Ең үздік салбурын киімі» аталымына Моңғолия елінен келген Ербол Монғолхан лайық болды. «Салбурын» сәні – ұлттық киім» аталымы Алматы қаласынан келген Таңат Ғабиттің еншісінде.
Сондай-ақ тағы бірқатар қатысушыға арнайы аталым табысталады:
«Үздік ұлттық ер киімі» – Сая Орысбай (Моңғолия)
Ұлттық «Салбурын аруы» – Аяжан Даниярқызы (Алматы)
«Сәнді этнокиім» – Фабос Бенце (Мажарстан)
«Үздік ұлттық әйел киімі» – Айсұлу Бекниязова (Алматы)
«Үздік ұлттық бала киімі» – Нұрасыл Бақытбек
«Ең сәнді ұлттық нақыш» – Қамитжан Архат (Тарбағатай)
«Салбурын серісі» – Бақмерей Маркс (Ұлан ауданы)
«Бірлік әртүрлілікте» – Шыңғыс Дейханов (Қырғызстан)
«Үздік этномәдени белгі» – Ақжол Қаршығанов (Ресей)
«Сәнді салбурын өрнектері» – Нажитбан Горький (Ұлан ауданы)
«Томағалы бүркіт, бапкер киімі» — Жәнекей Баққанат
«Салбурын тұлпары» – Алпамыс Далайхан (Моңғолия)
«Салбурын сәні» – Жулен Бара (Испания)
«Салбурын сәні» – Әбдікәрім Төлей (Түркия)
«Салбурын сәні» – Шаймардан Әзен
«Салбурын сәні» – Биқадыр Тоқтархан (Қытай)
«Салбурын сәні» – Болатбек Бақтияр (Қырғызстан)
Жүлдегерлер жарыстың екінші күнінде – қорытынды кезеңде марапатталады.




