ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-дүкен арқылы синтетикалық есірткі таратумен айналысқан топтың жолын кесті, деп хабарлайды F16.kz.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында бір тәулік ішінде басқа өңірден келген күдіктілер қолға түсті.
Тергеу шаралары барысында есірткі жасыру орындары анықталып, кейіннен тарату үшін бөлініп қапталған ұнтақ тәрізді заттар, электронды таразылар және оларды қаптауға арналған өзге де материалдар тәркіленді. Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, 1 килограмнан астам синтетикалық есірткі тәркіленген. Бұл 3000-нан астам бір реттік дозаға тең, жалпы құны 30 миллион теңге болады, — деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторында отыр.
Жалпы, жыл басынан бері облыс полициясы 20 килограмнан астам синтетикалық есірткі тәркілеп, оларды өндіруге арналған бір есірткі зертханасын анықтады және байланыссыз тәсіл арқылы таратумен айналысқан тоғыз наркокурьерді ұстаған.




