Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында балаларды бірінші сыныпқа қабылдау Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің пилоттық жобасы аясында жүзеге асырылады.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Эльдар Тумашинов мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz сайты.
– Маңызды жаңашылдықтардың бірі – егер бала сол мектепте оқуын жалғастыратын болса, мектепалды даярлық сыныбынан бірінші сыныпқа автоматты түрде ауыстырылады. Құжаттарды қабылдау 10 маусым мен 31 тамыз аралығында жүргізіледі, – деді Эльдар Тумашинов.
Сондай-ақ оның айтуынша, тоғызыншы сыныпты тәмамдаған 662 түлектің 46-сы үздік үлгідегі аттестат алуға үміткер.
Ал «Алтын белгі» төсбелгісіне 26 он бірінші сынып түлегі үміткер болып отыр. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Былтыр мұндай түлектердің саны небәрі 12 болған еді.




