Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Кездесу барысында көпшілікті интернет байланысы, коммуналдық қызмет, абаттандыру, аула тазалығы сияқты әлеуметтік-тұрмыстық түйткілдер мазалайтыны белгілі болды, деп хабарлайды F16.kz.
Өскемен тұрғыны Шыңғыс Құрманхан Серікбаев көшесінде орналасқан караоке-бардың санитарлық тазалығы сын көтермейтінін жеткізді. Ал Глубокое ауданынан келген ерлі-зайыпты Тарасовтар бірнеше жыл бұрын адам қолынан қаза тапқан ұлының өлімін тергеу әділ жүргізілмегенін айтып шағынды. Аймақ басшысы бұл мәселелерді бақылауға алуды жауапты орындарға тапсырды. Караоке бардың санитарлық талаптарға сәйкестігін анықтау үшін тексеру жүргізілетін болды. Сол сияқты Тарасовтардың түрлі инстанцияға жолдаған өтініштерін қарау барысы бақылауға алынды.
Облыс орталығының тағы бір тұрғыны интернет сапасына шағым айтты. Мәселе дереу шешілді. Beeline операторы болашақта аталған аумақтағы базалық станцияны жаңғыртатынын хабарлады. Бұдан бөлек облыстық цифрландыру басқармасы қызмет сапасына өлшеу жүргізу үшін өңіраралық байланыс инспекциясына сұраныс жолдады.
Кездесуде жұмысшы жастарға арналған жатақханаларды жекешелендіру, спорт шараларын ұйымдастыру, аулаларды абаттандыру мәселелері де талқыланды. Атап айтқанда, қоқыс контейнерлері орналасқан алаңды көшіру және оны жөндеу жөніндегі өтініштер қаралды.
Жалпы, қабылдауға келген барлық тұрғынның сұрағы назарға алынды, оларға заңнамада белгіленген тәртіппен жауап беріледі.




