Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Қытай Халық Республикасының Қарамай қаласындағы бес күндік іссапарын қорытындылады. Технологиясы мен индустриясы қарыштап дамып жатқан өңірден мамандарымыз жаңа идеялар мен нақты келісімдер алып қайтты, деп хабарлайды F16.kz.
Қарамай – Қытайдағы жасанды интеллект пен цифрлық инновацияның орталығы. Шығыстан барған делегация мүшелері мұндағы IT-хабтар мен индустриялық алаңдарды аралап, деректерді талдау мен процесті автоматтандырудың заманауи үлгілерімен танысты. Ауыл шаруашылығынан бастап білім беру саласына дейін цифрлық құралдарды енгізу бүгінгі заман талабы екені тағы бір мәрте расталды.
Іссапар барысында қытайлық компаниялармен екіжақты келіссөздер жүргізілді. Оның нәтижесінде IT саласында ынтымақтастық орнату жөнінде үш меморандумға қол қойылды. Бұл – құжат жүзіндегі келісім ғана емес, Орталық Азия нарығына бейімделген жаңа шешімдерді бірлесіп әзірлеуге бағытталған қадам.
Шараның жабылу рәсімінде делегация басшысы, туризм кеңесінің төрағасы Сымбат Рамазанов мұндай тәжірибе алмасу алаңдарының маңызына тоқталды. Ол Шығыс Қазақстанның да инновацияларға ашық өңір екенін алға тартып, келесі семинарды Өскеменде өткізуді ұсынды.
Шығыс Қазақстан диалог пен тәжірибе алмасудың жаңа орталығына айналуға дайын. Біздің де әртүрлі салаларда IT технологиялар енгізу бойынша жинақтаған тәжірибеміз бар, оны серіктестермен бөлісуге әзірміз, – деді ол.
Бағдарлама соңында қатысушыларға оқу курсын аяқтағаны туралы сертификаттар табысталып, ерекше белсенділік танытқандар алғыс хатпен марапатталды.




