Шығысқазақстандық кәсіпкерлер «Даму бала» платформасының жұмысына наразылық білідіріп, келісімшартты бұзуды ұсынды. Себебі, ваучер алған 3800 бала кезегін күтіп, әлі күнге дейін үйірмеге қатыса алмай отыр, деп хабарлайды F16.kz.
Кәсіпкерлер осы мәселеде әрекетсіздік танытып отырған облыстық мәдениет басқармасын да сынға алды.
Бұл мәселені талқылау, ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында ШҚО экономикалық тергеп-тексеру департаментіне және прокуратураға жүгінген үйірме жетекшілері облыстық кәсіпкерлер палатасында бас қосты.
2021 жылы жүйе жұмыс істей бастағанда 30 ұйыммен келісімге келіп, 7 мың орын ашылды. Бірақ іс жүзінде тек 3200-дей бала қосымша үйірмелерге барып жүр. Қазірге дейін қаржыландыру көлемі де өзгерген жоқ. Жылда 870 миллион теңге бөлінеді. Бұл сома барлық баланы қамтуға жетпейді. Қазір ваучер алған 3800 бала сабаққа қатыса алмай отыр. Былтырдан бері күтіп, төзімі таусылған ата-аналар күнде бізге қоңырау шалады. Ваучерлер таратылғанмен, жаңа орын ашылмайды. Кезек сол қалпы тұр. Бұл жерде ереже бұзылып отыр. Кезек күнде жаңартылуға тиіс, — деді үйірме жетекшілері.
Кәсіпкерлердің айтуынша, спорт басқармасында бұл жүйе еш кедергісіз жұмыс істеп тұр, қаржы түскен сайын ваучер автоматты түрде таратылып, кезек жүріп отырады. Ал мәдениет басқармасы тарапынан кезектің жылжымауы мәселеге айналған.
Айта кетейік, биыл мәдениет басқармасы тағы сегіз ұйыммен келісімге келген. Кәсіпкерлер қаржы тапшылығы туындаған шақта жаңа мекемелермен келісімге отырудың себебін түсінбей әлек.
Бизнес өкілдерінің негізгі шағымы «Даму бала» IT-платформасының жұмысына қатысты болып отыр. Бұрынғы «ART-Sport» жүйесінен ауысу кезінде ақаулар көп болған. Кәсіпкерлерге платформаның ауысатыны туралы хабарлама тек 29 наурызда жіберілген, ал жұмыс шілдеде басталған.
Біз жүйені басынан бастап қайта қалпына келтіруге мәжбүр болдық. Ата-аналар мен балалар туралы барлық деректерді қолмен енгізуге тура келді. Мұны автоматтандырылған жүйе деп айтуға келмейді, — деді кәсіпкерлер.
Айта кету керек, осыған дейін еліміздің басқа да өңірлерінде аталған платформаға қатысты заңбұзушылықтар тіркелген.
Үйірме жетекшілері ШҚО кәсіпкерлер палатасына жүйеге заңбұзушылықтар бойынша қызметтік және прокурорлық тергеу жүргізіп, егер «Даму бала» ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ете алмаса, онымен ынтымақтастықты тоқтату туралы ұжымдық өтініш жолдады.
ArtSportEdu жеткізушілер қауымдастығы да ШҚО мен Алматыда «Даму бала» платформасын уақытша тоқтатып, тексеріс жүргізуді сұрап отыр.
ШҚО кәсіпкерлер палатасы үйірме жетекшілерінің талабын қолдап, мәдениет басқармасына келісімшартты сот тәртібімен бұзу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Мұндай тәжірибе Қазақстанның басқа өңірлерінде қолданылған.




