Шығыс Қазақстан әкімі Нұрымбет Сақтағанов жол саласының ардагерлерімен кездесіп, Катонқарағай және Марқакөл аудандарындағы жол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жоспарларға тоқталды. Алдағы уақытта аталмыш аудандарды қосатын Ирек асуының жолы жөнделуі мүмкін, деп хабарлайды F16.kz.
Жақында ғана Рахман қайнарына апаратын жолдың жаңартылған 13 шақырымдық учаскесі ашылды. Енді Катонқарағай ауданын Марқакөлмен байланыстыратын Ирек асуының жолын жөндеу жоспарда бар көрінеді. Бұл бағыт теңіз деңгейінен шамамен 2100 метр биіктіктегі Бұрхат асуын, Қарақаба аңғарын және Алатай асуын көктей өтіп, Марқакөл жағалауындағы Ұранхай ауылының тұсынан шығады. Одан әрі Мәрмәр асуы арқылы Қара Ертіс аңғарына жетуге болады.
Тарихқа үңілсек, бұл жолды бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен Австро-Венгрия әскерінің сарбаздары салған. Қазір бұл бағытпен негізінен экстремалды көлік жүргізуді ұнататындар жүреді.
Соңғы жылдары өңір билігі аталмыш жолды жөндеуге ден қойып отыр. 2025 жылы Қаба өзеніндегі көпір қалпына келтірілді. Сондай-ақ 56 шақырым жолды жөндеп, аса қауіпті учаскелерін тегістеп, кеңейту жоспарланған.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, алдағы уақытта бұл бағыт Шығыс Қазақстандағы танымал табиғи нысандарды біріктіруі мүмкін.
– Катонға келіп, емдік ванналарын қабылдадың, одан кейін Марқакөлге барып, табиғатын тамашаладың. Одан әрі – Зайсан, – деп облыс әкімі болашақ туристік бағыттың мүмкіндігін сипаттады.
Айта кетейік, Ирек асуының жолына тұтас асфальт төсеу туралы сөз жоқ. Бұл жолдың қызығы мен қиындығы, ерекше атмосферасының өзі туристерді тартады.




