Бүгінде Шығыстың інжу-маржаны саналған Төр Алтайға ат басын бұратын қонақтардың қатары көп. Олардың ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған туристер де, алыс—жақын шетелден сапар шеккен саяхатшылар да жетерлік.
Жуықта Катонқарағай өңіріне ерекше көлік мінген меймандар келді. Көліктің ерекшелігі сол, қарапайым автобус емес, кәдімгі дөңгелегі бар үй десе де болады. Оның ішінде шағын сахна бар, дыбыс күшейткіш жүйесі, домбыра, қобыз, баян, гитара сияқты ұлттық және заманауи музыкалық аспаптармен жабдықталған. Жолаушыларға арналған жайлы орындар мен демалыс бұрышы да бар. Сондықтан оны ұлттық құндылықтарды насихаттап, ауыл-аймақ тұрғындарына рухани демеу көрсету, заманауи көшпелі мәдениеттің үлгісін таныту мақсатында ұйымдастырылған жоба деуге болады.
Айырықша автобусты атыраулық Алмат Лепесов деген азамат өз қолымен жабдықтаған. Өнер жанашыры осы көлігімен қазақ даласының әр қиырына жол тартып, ел ішін аралап жүр. Бұл жолғы сапарын ол Шығыс Қазақстан облысының алтын тәжі – Катонқарағай ауданына арнапты.
Әу баста эстрада жұлдыздарына арналған бұл автобус бүгінде көшпелі мәдени шаңыраққа айналған. Көліктің ішіне түрлі музыка аспаптары қойылған.
Бұл жолы Алмат Лепесов Катонқарағайдың көркем табиғатын көрсетіп, рухани серпіліс сыйлау үшін Арал, Қызылорда, Ақтөбе және Қонаев қалаларынан достарын арнайы ертіп келді. Алтайдың саф ауасы мен тұмса табиғаты қонақтарымызға шабыт, шипа және жан тыныштығын сыйласын деген тілегіміз бар, – деп жазды Катонқарағай ауданы әкімідігі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Осылайша өнермен өрнектелген көлікке мінген қонақтар Алтай атырабын ән-жырға бөлеп, бағзыдан жеткен баба қонысқа ат шалдырып қайтты.




