«Жолаушылар тасымалы» АҚ 60 жастан асқан жолаушыларға арналған жаңа жеңілдікті іске қосты. Енді ел ішінде теміржолмен сапарлауға 25% жеңілдік қарастырылған. Жеңілдікті пайдалану үшін Ұлттық тасымалдаушының барлық пойыздарында жарамды QURMET дисконт картасын рәсімдеу жеткілікті, деп хабарлайды F16.kz порталы rail-news.kz-ке сілтеме жасап.
Карта купе, плацкарт және отыратын вагондарда орын шектеусіз билет алуға мүмкіндік береді. Картаның құны — 3000 теңге, жарамдылық мерзімі — сатып алынған күннен бастап 1 жыл.
Жастарға да тиімді мүмкіндіктер ұсынатын жаңа KETTİK 33 дисконт картасы енгізілді. Енді 15 пен 25 жас аралығындағы жолаушылар KETTİK 33 дисконт картасымен купе вагондарындағы жоғарғы орындар мен отыратын вагондарға билеттерді 33% жеңілдікпен рәсімдей алады. Картаның құны — 3000 теңге, жарамдылық мерзімі — сатып алынған күннен бастап 1 жыл.
Дисконт карталар иесінің атына рәсімделеді және үшінші тұлғалардың пайдалануына жол берілмейді. Картаны тек теміржол вокзалдарындағы «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларынан алуға болады. Рәсімдеу үшін жеке куәлік, ұялы телефон нөмірі және (қалау бойынша) электронды пошта мекенжайы талап етіледі.
Дисконт карта бойынша жеңілдіктер билет кассаларында немесе bilet.railways.kz сайты арқылы билет сатып алынған жағдайда ғана қолданылады. Екінші деңгейлі банктердің платформалары арқылы сатып алынған билеттерге жеңілдіктер қарастырылмайды.
Жеңілдіктер жыл сайын белгіленген кезеңде ұсынылады. Алайда мерекелік және каникул уақытында дисконттық карталардың қолданылуы тоқтатылады:
• 2026 жылғы 20–29 наурыз аралығы;
• 2026 жылғы 25–30 желтоқсан аралығы;
• маусым–тамыз айлары.
Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы, сондай-ақ «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның ресми Instagram парақшасынан алуға болады.




