Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық ғалымдар жасап жатқан қатерлі ісікке қарсы жаңа препараттың бағасы төмен болатынын айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Ведомство басшысының түсіндіруінше, препараттың құрамы қарапайым компоненттерден тұрады. Негізгі заттар – глюкоза мен арсеник қышқылы. Қазіргі есеп бойынша, бір дәрінің өзіндік құны шамамен 15–16 мың теңге. Ал егер арсеник қышқылы да елімізде өндірілсе, онда баға 10–12 мың теңгеге дейін төмендеуі ықтимал.
Сонымен қатар, министр алғашқы клиникалық сынақ кезеңі сәтті өткенін жеткізді.
Сапасына келсек, бірінші клиникалық нәтижелердің бізге мәлімдеуінше, ішкі ағзадағы жаман ауру түрлеріне жақсы әсер етеді, – деді Саясат Нұрбек.
Қазір зерттеудің екінші кезеңі басталған. Бұған дейін сынақтар Алматыда жүргізілсе, енді негізгі база Астанаға ауыстырылған. Алдағы уақытта клиникалық зерттеулер елордада жалғасады.
Айта кетейік, бұл дәрінің авторы – медицина ғылымдарының докторы, профессор Дос Сарбасов. Ол мышьяк триоксиді мен аскорбин қышқылы негізінде жаңа емдеу әдісін ұсынған. 2022 жылы аталған әдіс бойынша клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізіліп, қауіпсіз әрі тиімді дозасы анықталған. Кейіннен клиникалық сынақтар басталған.
Мамандардың айтуынша, егер зерттеу толық сәтті аяқталса, бұл жаңалық онкологиялық ауруларды емдеуде маңызды серпіліс болуы мүмкін.




