Шығыс Қазақстан облысында көлік иелеріне маңызды ескерту жасалды — былтырғы көлік салығын төлеу мерзімі 2026 жылғы 1 сәуірде аяқталады. Мамандар бұл талапты елемеудің соңы айыппұлға әкеліп соғуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды F16.kz.
Өңірде автокөлік саны жыл санап артып келеді. Ресми деректерге сәйкес, облыста 260 мыңнан астам көлік тіркелген. Оның ішінде Өскеменнің өзінде көлік саны 132 мыңға жетіп отыр. 2000-жылдары қалада 43 мың көлік болған. Содан бері темір тұлпар саны еселеп өскен. Бұл өз кезегінде бюджетке түсетін салық көлемінің де ұлғаюына әсер етеді. Биыл есептелген көлік салығының жалпы сомасы 5 трлн теңгеден асып, аймақ экономикасындағы маңызды кіріс көздерінің бірі екенін тағы да дәлелдеді. Алайда барлық көлік иелері өз міндеттемесін уақытында орындап отыр деуге болмайды. Қазір облыста 6900-ден астам азаматтың 385 миллион теңгеге жуық салық берешегі бар. Бұл көрсеткіш төлем тәртібін күшейту қажеттігін анық көрсетеді.
Сала мамандарының айтуынша, белгіленген мерзімді өткізіп алған жағдайда борышкерлерге бірқатар қатаң шара қолданылады. Ең алдымен, кешіктірілген әр күн үшін өсімпұл есептеледі. Уақыт өте келе айыппұл көлемі ұлғайып, берешек сомасы еселене түседі. Егер қарыз ұзақ уақыт өтелмесе, іс жеке сот орындаушыларына жолданады. Мұндай жағдайда борышкердің банктік шоттары бұғатталып, мүлкіне тыйым салынуы мүмкін. Бұдан бөлек елден шығуға шектеу қойылып, тіпті көлік құралын басқару құқығынан уақытша айырылу қаупі де бар. Бұл шаралардың барлығы салық тәртібін сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Көлік иелеріне жағымды жаңалық та бар. Биылдан бастап көлік салығына қатысты жеңілдіктер енгізіледі. Атап айтқанда, пайдаланылғанына 10 жылдан асқан автокөліктерге салық мөлшері 30 пайызға төмендесе, 20 жылдан асқан көліктерге салынатын салық 50 пайызға дейін қысқармақ. Бұл шешім ескі көлік иелерінің қалтасына түсетін қаржылық салмақты азайтуға бағытталған. – деді Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш.
Бүгінде салық төлеу бұрынғыдан жеңілдеді. Қазір көлік салығын бірнеше цифрлық сервис арқылы жылдам әрі ыңғайлы төлеуге болады. Атап айтқанда, e-Salyq Azamat, Kaspi.kz және Halyk қосымшалары арқылы бірнеше минут ішінде төлем жасауға мүмкіндік бар.
Мамандар көлік иелерін соңғы күнді күтпей, салықты алдын ала төлеуге шақырады. Бұл артық шығындардан сақтап қана қоймай, заң алдындағы міндеттерді уақытында орындауға мүмкіндік береді.




