Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 550-ден астам адамның Қазақстан азаматтығы тоқтатылған. Олардың дені басқа мемлекеттердің азаматтығын алған, деп хабарлайды F16.kz.
Сонымен қатар кейбір азаматтар елге кіру және Қазақстан аумағында тұру кезінде әлеуметтік, зейнетақы және өзге де мемлекеттік жеңілдіктерді сақтап қалу мақсатында қазақстандық құжаттарды пайдаланған.
Азаматтық саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 26 азамат шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған, тағы 9 азамат Қазақстан Республикасының паспортын немесе жеке куәлігін пайдалануды жалғастырған, — дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Мәселее, облыс орталығының 64 жастағы тұрғыны басқа мемлекеттің азаматтығын алғанымен, бұл туралы уәкілетті органдарға уақытылы хабарламаған және Қазақстан Республикасының құжаттарымен жүре берген. Заңға сәйкес оның Қазақстан азаматтығы тоқтатылып, құжаттары қайтарылды.
Көші-қон қызметі азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтау керектігін еске салады. Қазақстан Конституциясында қос азаматтыққа тыйым салынған.




