Алтай мен Сырдың арасы жақындай түсті. Бүгін, 20 қыркүйекте Шығыс Қазақстанда Қызылорда облысының мәдени күні өтті. Бұл бастама қос өңірдің мәдени—рухани байланысын нығайтып, алыс—берісті арттыруға тың серпін береді, деп хабарлайды F16.kz.
Ақмешіттен ат терлетіп келген меймандар Өскемендегі мәдени нысандарды аралап, сол жағалаудағы спорт кешенінде болды. Шығыстың мақтанышына айналған іргелі кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Сыр елінің делегациясы Халифа Алтай атындағы облыстық мешітті көріп, ондағы мұражайға бас сұқты. Мешіттің діни-ағартушылық бағытта атқарып жатқан қызметіне қанықты.
ШЫҒЫСТЫҢ БРЕНДІ
Бұдан соң қаланың сәнін келтірген О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі, Жекпе-жек сарайы, орталық бассейн, теннис орталығы сияқты заманауи нысандар шоғырланған бірегей спорт кешенін аралады. Ол жерде Шығыстың ғана емес еліміздің намысын абыроймен қорғаған саңлақтардың жетістіктері мен жеңістері, өңір спортының әлеуеті туралы ақпарат берілді.
Бренд өнімдерімен аймақтың атын бүкіл республикаға, тіпті алыс-жақын шет елдерге танытқан «Восток молоко» корпорациясы қызылордалықтар ат басын бұрған кезекті нысан болды. Сапасы халықаралық стандарттарға сай 80-нен астам өнім шығаратын зауыттың тауарлары мен озық технологияға негізделген кәсіпорын жұмысы делегация мүшелерін қатты қызықтырды. Меймандар зауыттың табиғи өнімдерінен дәм татып, лайықты бағасын берді.
ӨСКЕМЕН БҰЛ КҮНІ ӨНЕРМЕН ТЫНЫСТАДЫ
Қызылорданың мәдени күндері Өскемендегі облыстық филармонияда жалғасын тапты. Онда «Сұлу Сырдан – шырайлы Шығысқа» атты гала-концерт болды. Сахнада ұлттық өнердің классикалық туындылары шырқалды. Қызылорданың Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен Шығыс Қазақстанның облыстық симфония оркестрі үйлесімді өнер көрсетті. Ал «Томирис» би ансамблінің өнеріне қол соғып, қошемет қылмаған адам болмады залда. Концерт кезінде LED-экраннан Сыр елінің өнері мен мәдениетінен мағұлмат беретін бейнеролик жүріп жатты.
Тарихы терең, табиғаты әсем киелі Алтай жерінде Сыр бойынан келген өнерпаздар тамаша концерт ұсынды. Шығыс пен Сыр елі арасындағы достық пен ынтымақтастық байланыс арта берсін, – деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шығыстағы кездесулер мен мәдени күннің маңызы жоғары екенін атап өтті.
Еліміздің шығысында, киелі өлкеде өнер көрсеткенімізге қуаныштымыз. Бізді жылы қарсы алған әріптесіме және барлық шығысқазақстандықтарға алғыс айтамын, – деді Қызылорда облысының әкімі.
Ақмешіттік ағайын Алтайға өнер қоржынын толтырып әкеліпті. Қорқыт бабамыздан қалған қобыз үні, Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» поэмасы, Абай шығармалары, күй тартыс пен эстрадалық әндер кезекпен орындалып, залдағы жиылған жұртқа әдемі рухани кеш сыйлады. Әсіресе, қос өңірдің өнер майталмандары Елена Әбдіхалықованың «Қазақ елі» әнін қосыла шырқағанда тік тұрып қол соқпаған әй бір адам қалмаған шығар.
Концерттен кейін қонақтар Өскеменнің орталық алаңындағы Абай ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Сонымен қатар бұл күні «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме ұйымдастырылды. Қызылордалық қонақтар «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығын аралап, оның жұмысымен танысты.




