Шығыс Қазақстан облысының Құлынжон ауылында келер жылы бағдаршам орнатылып, жолдағы қауіпсіздік күшейтіледі. Бұл туралы Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов ауыл тұрғындарымен кездесуде айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Кейінгі жылдары тоғыз жолдың торабында орналасқан Құлынжонда жол-көлік оқиғасы жиілеп кетті. Қауіпсіздікке алаңдаған тұрғындар аудан басшылығына ауыл ішіндегі негізгі жол қиылысына бағдаршам орнатуды, қараңғы көшелердің бойына жарық тартуды сұраған.
Халықтың көтеріп отырған мәселесін жақсы білеміз және оны шешуге кірісіп кеттік. Тұрғындардың бірінші кезекте сұрағаны – үш жақтан келіп қосылатын жол қиылысына бағдаршам орнату. Екіншісі – ауылдың Күршім, Көкпекті аудандары және Самар ауылы жағынан кіре берісіне жылдамдықты сағатына 40 шақырымға дейін шектейтін жол белгісін қою. Үшіншісі – көліктер қатты жымдамдықпен жүрмеу үшін осы аталған жолдарға жасанды кедергілер төсеу, төртіншісі – көшелерге жарық тарту. Биыл біз жарықтандыруды толық жүргіздік, келер жылы бағдаршам орнатып, қалған мәселелерді шешеміз, – деді Серік Жеңісов.




