Күршімдік кәсіпкер Нұржан Қаратаев қамыстан жылу сақтайтын құрылыс материалдарын өндіруді қолға алды, деп хабарлайды F16.kz.
Ата-бабаларымыз қамысты ежелден кәдеге жаратып келген. Үй-жай салғанда қамыс байлап, оны құрылыс материалы ретінде пайдаланған. Шөп жоқ кезде малға азық қылған. Қамыстан салынған үй де, қора да жылы, құрғақ, табиғи болады. Бағзыдан жалғасқан баба кәсіпті бүгінде күршімдік Нұржан Қаратаев қолға алып, жаңа қырынан дамытып отыр. Дұрысы, қамысты өңдеп, заманауи құрылыс материалын өндіре бастады.
Менің жасап жүрген құрылыс материалым ғасырдан жалғасып келе жатыр. Қамыс үйлер бұрын да болған. Алайда біз оны заманға сай нығыздап, сыртын арнайы материалмен қаптап өндіріп жүрміз. Мұның қасиеті сол, күннің суығында жылу ұстайды, ыстықта үй іші салқын болады. Табиғи материал болғандықтан, үйдің қабырғасы терлемейді. Оның үстіне жер сілкінісіне де төзімді. Полистиролбетон плиталары өртті де өткізбейді, — дейді жеке кәсіпкер.

Нұржан Қаратаев әзірге мемлекеттен қолдау алмаған. Алдағы уақытта жоспар орындалып жатса, құрылыс материалын облыс көлемінде сатылымға шығаруы мүмкін.
Қалада өтетін көрмелерге енді қатысып, ақпарат алып, өнімді таныстырып жатырмыз. Негізінен қазір тек Күршім ауданының ауылдарына сатамыз. Ауданда 3-4 дүкен салдық. Яғни, қолданылған, сынақтан өткен дүние. Болашақта мемлекеттік қолдау алу үшін құжат өткізіп, кәсіпті кеңейту жоспарда бар. Егер сәтімен болып жатса, өңіріміздегі құрылыс саласында қолдануға әбден болады, — дейді ол.
Мемлекет басшысы айқындап берген стратегиялық бағыттарға сәйкес, шағын және орта бизнес ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді. Бүгінде әрбір бесінші қазақстандық осы салада еңбек етеді. Ал жалпы қосылған құндағы үлесі 40 пайызға жуықтауы бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі екенін көрсетеді.




