Шығыс Қазақстан облысында қысқы спорт пен белсенді демалысты сүйетін жандарға арналған «ШҚО қысқы драйвы» атты іс-шара ұйымдастырылады. Фестиваль ски-кросс пен сноубордтан болатын жарыстар аясында өтеді, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл күні көпшілікке арнап спорттық бәсекелермен қатар мазмұнды мәдени-сауықтыру бағдарламасы әзірленген. Бағдарламада шығармашылық ұжымдардың концерті, интерактивті ойын алаңдары, балалар мен ересектерге арналған түрлі сайыстар, сондай-ақ жанкүйерлерге арналған жайлы демалыс аймақтары жоспарланған. Музыка, спорт және белсенді өмір салты бір алаңда тоғысады.
Ски-кросс пен сноуборд жарыстарына өңірдің үздік спортшылары қатысып, көрермендерге нағыз тартысты әрі әсерлі бәсеке ұсынады. Қатысушылар өз шеберлігін көрсетіп, қысқы спорттың көркін аша түседі.
«ШҚО қысқы драйвы» фестивалінің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және қысқы белсенді демалыстың маңызын кеңінен таныту.
Ұйымдастырушылар облыс тұрғындары мен қонақтарын спортшыларды қолдауға, көтеріңкі көңіл күй мен жарқын әсерге толы қысқы күнді бірге өткізуге шақырады.




