Өскеменде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Мәдениеттегі Өзбекәлі тұлғасы» атты кітап оқу сайысы өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл іс-шараны Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен және «Асық» әдеби-мәдени клубымен бірлесіп ұйымдастырды.
Сайыстың алғашқы іріктеу кезеңдері Оралхан Бөкей атындағы кітапханада, ал финалдық кезең Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өтті.
«Сайыстың негізгі мақсаты – қазақ халқының көрнекті тұлғаларының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен шығармашылығын, қоғамдық қызметін, ұлттық мәдениет пен руханиятты дамытуға қосқан үлесін кеңінен насихаттау», — дейді ұйымдастырушылар.
Сонымен қатар жастардың тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық рухани құндылықтарды терең зерделеуге ынталандыру, жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуеті мен танымдық қабілетін дамыту, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру және жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыру көзделді.
Зияткерлік сайысқа Шығыс Қазақстан облысының жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысты.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды:
- I кезең – «Белес» – іріктеу кезеңі;
- II кезең – «Көңілдегі көрікті ой» – сұрақ-жауап кезеңі;
- III кезең – «Қаламгер майданы» – эссе жазу кезеңі;
- IV кезең – «Аманат» – баяндау кезеңі.
Әр кезеңде қатысушылар Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолы, қоғамдық қызметі, ғылыми мұрасы мен ұлттық мәдениетті дамытуға сіңірген еңбегі туралы білімдерін ортаға салып, шығармашылық және танымдық қабілеттерін көрсетті.
Сайыс жеңімпаздар:
- Ержақан Ақниет — 1 орын, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ, 2 курс
- Маратбек Альас — 2 орын, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Жоғарғы колледжі
- Аманбайқызы Гүлім — 3 орын, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Жоғарғы колледжі
- Идаятов Расул — финалист, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ, 2 курс
- Берікұлы Аман — финалист, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ, 2 курс
- Хуат Бидайық — финалист, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Жоғарғы колледжі
- Мұхтаров Әділет — финалист, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Жоғарғы колледжі




