Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Есірткісіз Qazaqstan» жобасы аясында стратегиялық сессия (MEET UP) ұйымдастырылды. Ауқымды шараға Esbol Qory қоғамдық қорының төрағасы Жандос Ақтаев, құқық қорғау органдарының өкілдері мен жастар ұйымдарының мүшелері қатысып, қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды F16.kz.

Кездесудің негізгі тақырыбы – есірткіге қарсы күрес, оның қоғамға тигізетін зияны және «есірткісіз Қазақстанды» қалыптастырудағы жастардың рөлі болды. Сарапшылар мен мамандар бұл мәселе құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
Жиында сөз сөйлеген Esbol Qory қоғамдық қорының төрағасы Жандос Ақтаев Қазақстандағы есірткі пайдалану деңгейіне қатысты алаңдатарлық деректерді келтірді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда еліміз есірткі тұтыну бойынша әлемде 8-орында тұр. Бұл жағдай нашақорлықтың ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық денсаулыққа төндіретін қатерін айқын көрсетеді.
Өкінішке қарай, Қазақстандағы есірткі тұтынатын адамдардың орташа жасы – 17 жас. Яғни, бұл – мектепті енді ғана бітірген немесе жоғары оқу орнына жаңа түскен жастар. Тіпті, одан да кіші жастағы балалар арасында кездесетін жағдайлар бар. Сондықтан біздің басты міндетіміз – оларды қорғау және жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізу, – деді ол.
Сондай-ақ Жандос Ақтаев жастарды қор жұмысына белсенді араласуға шақырып, синтетикалық есірткінің зиянын, оны алғаш қолданғанның өзінде тәуелділікке әкелетінін кеңінен түсіндіру маңызды екенін атап өтті.
Кездесу барысында университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Жанетта Қалимолдина да сөз алып, студент жастардың білім мен ғылымға бет бұрғанын атап өтті. Ол мұндай алдын алу шараларының маңызы зор екенін айтып, жастардың саналы таңдауы ел болашағына тікелей әсер ететінін жеткізді.
«STOP ЕСІРТКІ» ЖОБАСЫ НӘТИЖЕ БЕРІП ЖАТЫР МА?

Облыс прокурорының көмекшісі Қайырбек Хайдаров өңірде жүзеге асып жатқан нақты жобалар туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, былтыр басталған «Stop есірткі» жобасы қазірдің өзінде нақты нәтижелер көрсеткен.
Жоба аясында 12-ге жуық қылмыстық іс тіркелді. Үш келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Сонымен қатар есірткі қылмыстары туралы хабар берген азаматтарға шамамен 3 миллион теңге көлемінде сыйақы төленді, – деді ол.
Прокуратура өкілінің мәліметінше, Өскемен қаласының бір тұрғыны өз еркімен бір келіден астам синтетикалық есірткіні тапсырып, заң аясында марапатталған.
Сондай-ақ жиында заманауи технологиялардың көмегімен қылмыстың алдын алуға бағытталған «Clean Streets» мобильді қосымшасы таныстырылды. Бұл қосымша арқылы тұрғындар есірткі жасырылған орындар немесе күмәнді жазбалар туралы жедел ақпарат бере алады. Clean Streets – бұл қаладағы қауіпсіздік пен тазалықты бақылауға арналған мобильді қосымша. Қазақстанда ол көбіне есірткіге қарсы күрес аясында қолданылып, азаматтарды құқық бұзу жағдайлар туралы хабарлауға тарту құралы ретінде таныстырылып жүр.
Кездесу барысында тағы бір өзекті мәселе – дропперлік те кеңінен талқыланды. Шығыс Қазақстан облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жандос Мұзтауов мұндай заңсыз әрекеттердің салдары ауыр екенін ескертті.
Дропперлік – алаяқтықтың бір түрі. Көбіне студенттер жеңіл табыс табу мақсатында осындай схемаларға араласады. Алайда мұндай әрекеттер үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қылмыскерлер көбіне әлеуметтік желілер арқылы әрекет ететіндіктен, оларды анықтау қиын. Сондықтан әр азамат барынша сақ болуға тиіс, – деді ол.
Шара барысында қатысушыларға тақырыпқа қатысты танымдық бейнероликтер көрсетіліп, ашық пікір алмасу өтті. Студенттер көкейдегі сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.
Кездесу соңында психология мамандығының 2-курс студенті Ажар Айдарқызы кездесуден алған әсері туралы айтып берді. Оның айтуынша, мұндай шаралар жастардың көзқарасын өзгертіп, жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Біз дропперлік туралы, жеңіл табыстың қаншалықты қауіпті екені жайлы және есірткінің адам өміріне тигізетін зардаптары туралы көп мәлімет алдық. Жаңа Қазақстанның болашағы жастардың қолында. Сондықтан мен де есірткісіз қоғам қалыптастыруға өз үлесімді қосамын, – деді студент.
Жалпы, мұндай кездесулердің басты мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Қатысушылардың пікірінше, қоғам мен мемлекет бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана бұл індетке тиімді тосқауыл қоюға болады.
ДЕРЕКТЕР НЕ ДЕЙДІ?
ШҚО полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында тәртіп сақшылары есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты 54 қылмысты анықтаған. Оның ішінде 19 қылмыстық теріс қылық және 35 есірткі қылмысы тіркелген. Атап айтқанда, есірткі өткізудің 30 дерегі және есірткілік шөптерді заңсыз өсірудің бір дерегі анықталған. Сонымен қатар құрамында есірткі бар шөптерді өсіруге арналған фитозертхана және синтетикалық есірткі дайындайтын зертхана анықталып, жойылған.
Заңсыз айналымнан 32 келіден астам есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 12 келіден астамы — марихуана.
Синтетикалық есірткілерді тәркілеу бойынша оң динамика байқалады. былтыр осы кезеңінде 996 грамм тәркіленсе, биыл бұл көрсеткіш 20 келіден асты. Нашақорлықтың алдын алу жұмысына ерекше көңіл бөлінген. Жыл басынан бері 35 мыңға жуық адамды қамтыған 197 профилактикалық іс-шара өткізілген.




