Шекарадағы Марқакөл ауданында жер қойнауын заңсыз пайдалану дерегі анықталды, деп хабарлайды F16.kz порталы Шығыс Қазақстан облыстық экология департаментіне сілтеме жасап.
Аудан депутаттарының өтініші негізінде Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Шанды жер учаскесінде тексеру жүргізілді. Оған экология департаментінің қызметкерлерімен бірге Ертіс бассейндік инспекциясының су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу жөніндегі мамандары, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық даму басқармасы, сондай-ақ «Шығысқазнедра» Шығыс Қазақстан өңіраралық геология департаментінің өкілдері қатысты. Нәтижесінде еліміздің экологиялық заңнамасын бұзған жағдайлар белгілі болды. Жеке тұлға Айқын Ардагер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 358-бабының 2-бөлігі, 332-бабының 1-бөлігі, 328-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары сотқа жолданды.

Сонымен қатар жиналған материалдар Марқакөл ауданының құқық қорғау және өзге де құзыретті мемлекеттік органдарға тиісті шаралар қабылдау үшін жолданды, – деп хабарлады экология департаментінен.
Экология департаменті облыс аумағында заңсыз жер қойнауын пайдалануды анықтау және жолын кесу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтеді. Бұл ретте экологиялық заңнаманың қатаң сақталуына, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және жер қойнауын пайдалану саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылған.






