Парламент Мәжілісінің депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров жұмыс сапарымен Самар ауданына барды. Сапар барысында депутат аудан активімен және жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді, деп хабарлайды F16.kz.
Кездесу барысында Мәжілісте қабылданып жатқан заңнамалық бастамалар, сондай-ақ Amanat партиясы фракциясының атқарған жұмыстары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Депутат заң шығару үдерісінде азаматтардың пікірін ескерудің маңыздылығына ерекше тоқталды.
Басты мақсат – халықпен ашық әрі тікелей диалог орнату. Заңдар тек кабинет деңгейінде емес, тұрғындардың нақты сұранысы мен ұсынысына сүйене отырып қабылдануға тиіс. Сондықтан өңірлерге шығып, елдің пікірін тыңдау – депутаттың басты міндеттерінің бірі. Самар ауданында көтерілген барлық мәселе назарымызда болады және оларды тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп шешу жолдары қарастырылады, – деді Ерлан Саиров.
Кездесу барысында аудан тұрғындары әлеуметтік мәселелер, инфрақұрылымның жай-күйі, жұмыспен қамту және ауылдық аумақтарды дамытуға қатысты сұрақтар қойды. Депутат көтерілген мәселелер бойынша нақты жауап беріп, бірқатар ұсынысты жеке бақылауына алатынын жеткізді.
Мұндай кездесулер халық пен депутат арасындағы тікелей байланысты нығайтып, өңірлерде қордаланған мәселелерді заң шығару деңгейінде көтеруге мүмкіндік береді.




