ШҚО-да «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы басталды, деп хабарлайды F16.kz.
1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында елімізде «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы өтеді.
Акцияның мақсаты – жаңа оқу жылының басталуына дайындық кезеңінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептерге байланысты балалардың мектепке келмеуінің алдын алу.
Бүгінгі таңда «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі өңірлік іс-шаралардың облыстық жоспары әзірленді. Сондай-ақ акцияны өткізудің облыстық штабы бекітілді.
Шығыс Қазақстан облысының аудандары мен қалаларында «Балаға қамқорлық сыйла!», «Мейірімді қолдар», «Ауыл балаларына мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасына көмектеседі: балаларды мектепке бірге дайындайық!» сияқты қайырымдылық акциялары ұйымдастырылақ.
Акция кәсіпкерлерді, меценаттарды, мемлекеттік органдарды акцияны өткізуге қолдау көрсетуге және қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар мен балаларға көмек көрсетуге өз үлестерін қосуға үндейді.
Сондай-ақ бірінші сынып оқушыларына арналған «Алғашқы рет – бірінші сыныпқа», «Бірінші сынып оқушысына сыйлық» және басқа да мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, іс-шара аясында білім басқармасының мамандары Полиция департаментімен бірлесіп, дәлелді себепсіз мектепке бармайтын балаларды анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізетін болады.




