Өскеменнің Назарбаев даңғылы бойында орналасқан тұрғын үйлердің бірінің қабырғасында «Металлургтер қаласы» атты жаңа мурал салынды, деп хабарлайды F16.kz.
Арт-жоба мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде іске асырылған. Игі бастамаға «Казцинк» ЖШС мұрындық болса, Өскемен әкімдігі оның жүзеге асырылуына қолдау көрсеткен.
Жоба авторларының айтуынша, муралдың идеясы кездейсоқ пайда болмаған. Кескінделген бейне – металлург, яғни еңбек адамының бейнесі Өскемен қаласының тарихи және әлеуметтік болмысымен тығыз байланысты.
Металлургтің бейнесі – бұл тек бір мамандықтың емес, бүтін бір қаланың тарихын сипаттайтын символ. Сондықтан дәл осы тақырып таңдалды, – деді жоба ұйымдастырушылары.
Сонымен қатар, муралдың орналасу орны да мағыналы: ол «Металлург» саябағына жақын орналасқан тұрғын үйдің қабырғасын безендіріп тұр.
Мұндай шығармашылық жобалар қала көркін арттырып қана қоймай, еңбек адамының қоғамдағы маңызын көрсетуді де мақсат етеді.




