Өскеменде қала әкімі кубогына арналған волейболдан ашық турнир өтіп жатыр. Жарыстың ерекшелігі – дүбірлі бәсекеде кәсіби спортшылар емес, түрлі пән мұғалімдері өнер көрсетіп, волейболдан бағы мен бабын сынап көрді, деп хабарлайды F16.kz.
Алғаш рет ұйымдастырылған шараға Өскемен қаласынан ғана емес, облыстың түкпір-түкпірінен 18 команда жиналған. Атап айтқанда, Катонқарағай, Тарбағатай, Зайсан, Глубокое және Ұлан аудандарынан келген командалар қала әкімінің кубогын сарапқа салды.
Турнирдің ашылу салтанатында ұстаздарды Өскемен қаласының әкімі, жақында ғана облыстық волейбол федерациясының президенті лауазымына сайланған Алмат Ақышов құттықтады. Сондай-ақ өз сөзінде педагогтарға қолдау көрсетудің, бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Мен жуырда ғана Шығыс Қазақстан облыстық волейбол федерациясының президенті болып сайландым. Ұстаз – әрқайсымыздың өмірімізде ерекше орын алатын тұлға, қасиетті мамандық. Қазақ қашанда ұстазды төрге шығарып, құрмет көрсеткен. Сол себепті педагогтерге осындай облыстық турнир ұйымдастырып, сый жасауды жөн деп таптық. Осы орайда турнирдің өтуіне атсалысқан кәсіпкерлер мен федерацияға алғысым шексіз. Бүгінгі командалардың спортқа деген қызығушылығын көріп, сайысты дәстүрлі түрде өтетін шаралардың біріне айналдыруды да жоспарлап отырмыз, – деді Алмат Ақышов.
Сонымен қатар, шаһар басшысы алдағы жылдары қалада волейбол орталығы ашылуы мүмкін екенін де атап өтті.
— Осы ретте айта кететін жағымды жаңалық бар. Жақында ғана ҚР волейбол федерациясының президенті, ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев мырзаның қабылдауында болдым. Онда Өскеменде волейбол орталығын ашу мәселесі қозғалды. Алдағы 1-2 жылда үлкен орталық іске қосылады, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар өңірдегі педагогтер арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуға да көп септігін тигізеді.

— Жарыстың басты мақсаты – мұғалімдер арасындағы салауатты өмір салтын насихаттау. Биыл жарысқа 18 команда қатысып жатыр. Командалардың дайындығы өте жоғары, тартысты додаға болатынына сенеміз. Осындай жарыстар жыл сайын өтіп, ұстаздардың мерейі жоғарылай берсін – деді бас төреші Әділ Сайлаубекұлы.
Алыс аймақтардан келген қатысушылардың ішінде – Зайсан қаласы Ломоносов атындағы орта мектептің ұстаздары бар.
— Биыл мұғалімдер арасында волейболдан жарыс өтеді дегенді естіп, ауданымыздың намысын қорғауға келдік. 6 жылдан бері дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Осы уақытқа дейін тек оқушыларымды дайындап, түрлі жарыстарға қатысып, нәтиже шығарып жүрдік. Бұл жолы команда құрып, әріптестеріме жаттықтырушы болдым. Дайындығымыз жақсы, бүгін жүлделі орындардың бірін қоржынға саламыз деген үміт мол. Әріптестеріме сәттілік тілеймін, – дейді Сырым Тастағанов.
Жеңімпаздарға Өскемен қаласы әкімінің кубогы, медальдар, дипломдар және алғыс хаттар табысталмақ.





