Несиесі бар кейбір отбасылар атаулы әлеуметтік көмектен (АӘК) қағылуы мүмкін. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова түсіндірді, деп хабарлайды F16.kz.
Қыркүйектің басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша Әлеуметтік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты реттеушілік саясат жөніндегі консультативтік құжатты жариялады. Құжатта табыс пен мүлікті есепке алудың жаңа параметрлерін енгізу ұсынылған. Оның ішінде бұл талаптар кейбір банк несиелері мен микрокредиттерді рәсімдеу кезінде де ескеріледі.
Құжат «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылған. Онда несие алған отбасыларға АӘК төлеу шарттары қайта қарастырылуы мүмкін екені айтылған.
Министр Жақыпова атаулы әлеуметтік көмек қарызды жабуға арналмағанын атап өтті. Сондықтан есептеу кезінде отбасының несиеге жұмсайтын шығыны қаперге алынады.
Несие алып, кейін оны атаулы әлеуметтік көмектің ақшасымен жабуға болмайды. Көмек алуға үміткер әрбір адам мұны ескеруге тиіс. Мәселен, үш адамнан тұратын отбасы 3 миллион теңге несие рәсімдеді делік. Ай сайынғы төлем әрқайсына 300 мың теңгеден келеді. Бұл табыс кедейлік шегінен жоғары болғандықтан, оларға АӘК тағайындалмайды. Ал егер несие көлемі шағын болса, мысалы 300 мың теңге, есеп керісінше табыстың кедейлік шегінен төмен екенін көрсетеді. Бұл жағдайда АӘК беріледі, – деді министр.
Сондай-ақ ол бұл жаңашылдықтың ипотекалық несиеге қатысы болмайтынын жеткізді.
Бұл ипотекалық несиелерге қатысты болмайды. Керісінше, егер отбасы депозит ашып, болашақта белгілі бір соманы, ең болмаса алғашқы жарнаны жинауды жоспарлап отырса, мемлекет мұны құптайды. Бұл өз пәтерін алуға немесе сатып алуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Жақыпова.
Министрдің айтуынша, құжаттың әзірге заңдық күші жоқ. Ол тек қоғамды ақпараттандыру және ұсыныстар жинау мақсатында талқылауға ұсынылған. Бірақ сарапшылар бұл құжат қабылданса ауылдық жердегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қиын болатынын ескертіп отыр. Өйткені олардың жан басына шаққандағы табысы 50 мың теңгеден аспайды және көбі жұмыссыз. Бұл санаттағы адамдар қазір күнделікті азық-түлік пен киім-кешекті, басқа да тұрмысқа қажетті заттарды несиеге алады.




