Шығыс Қазақстан облысында сүт безі обырын ерте кезеңде анықтау және оның алдын алу мақсатында жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сагидуллина айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Қазан айынан бастап сүт безі обыры туралы халықты ақпараттандыру шаралары қолға алынды.
Одан бөлек шалғай елді мекен тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Әділет керуені» акциясы жүзеге асырылады.
Көшпелі жоба аясында онкологтармен қатар түрлі бейінді дәрігерлер, заңгерлер және әлеуметтік сала мамандары аудан-аудандарға барып, тұрғындарға консультация беріп, тексеру жүргізеді. Қажет болған жағдайда практикалық көмек те көрсетіледі. Акция жоспарға сәйкес жалғасып, қараша айында бірқатар ауданда көшпелі қабылдаулар өткізу жоспарланған, — деді орталық директоры.
Өңірде биыл тоғыз айда сүт безі обырының 233 жаңа жағдайы тіркелген. Осы кезеңде 48 489 әйел скринингтен өтіп, нәтижесінде 89 жағдай анықталған. Аурудың 58%-ы бірінші сатыда анықталған.
Сүт безі обырын ерте анықтау үшін 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет тегін скринингтен өте алады. Тексеру тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханада жүргізіледі. Егер скрининг нәтижесі қосымша тексеруді қажет етсе, пациент облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығына жіберіледі. Мұнда маммография, ультрадыбыстық зерттеу, биопсия жасалып, онкомаммологтан кеңес алады, — деді Гүлмира Сагидуллина.
31 қазанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары мен онкология орталығында Ашық есік күні өтеді. Тұрғындар онколог-маммологтың тегін кеңесін ала алады. Қабылдауға учаскелік дәрігердің жолдамасы талап етілмейді, жеке куәлік жеткілікті.




