16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай Марқакөл ауданының білім бөлімі ұйымдастыруымен оқушы қыздар арасында «Ерлікке тағзым» атты әскери-патриоттық сайыс өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Аудан әкімі Рүстембек Кемешев іс-шараға арнайы қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. Сайысқа ауданның бес білім мекемесінен келген оқушылар мен олардың жетекшілері қатысып, өздерінің ептілігін, батылдығы мен ұйымшылдығын паш етті. Жарысқа қатысушылар батырлық пен ерліктің мәні, туған жерді сүю, Отанға адал болу, елге қызмет ету сияқты патриоттық тәрбиенің тұнығынан сусындады. «Батырлық – елге деген шексіз махаббаттан, ал ерлік – Отан алдындағы адалдықтан туады» деген қағида бұл шараның негізгі идеясына айналды.
Жарыс нәтижесінде:
-
І орынды – Тесқайың орта мектебі;
-
ІІ орынды – Марқакөл мектеп-интернат-колледжі;
-
ІІІ орынды – №1 Марқакөл орта мектебі иеленді.
Жетекшілер арасындағы бәсекеде:
-
І орынды – Дархан Ташенов (Марқакөл мектеп-интернат-колледжі);
-
ІІ орынды – Бауыржан Сабырбеков (№1 Марқакөл орта мектебі);
-
ІІІ орынды – Медет Читимов (Қалжыр орта мектебі) иеленді.
Сонымен қатар, сайыс барысында ерекше көзге түскен қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды.
Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне материалдық-техникалық қолдау көрсеткен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшесі, сондай-ақ демеушілік жасаған Марқакөл ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сұлтан Қуанғановқа ауданның педагогтер қауымы мен оқушылар ризашылық білдірді.
Бұл сайыс оқушылардың патриоттық сезімін арттырып қана қоймай, олардың ұжымдық жұмысқа икемділігін, батылдығы мен шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік берді. Алдағы жылдары да осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырып, жас ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен ерлік рухын сіңіру жоспарланып отыр.




