Омбы-Майқапшағай республикалық маңызы бар тас жолының Қалбатау-Майқапшағай бөлігі толық аяқталып, ел игілігіне берілді. Бұл туралы Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл жол учаскесінің ашылуын шалғайда жатқан шекаралық Тарбағатай, Зайсан, Ақсуат аудандары ұзақ күткен. 2017 жылы басталған жол құрылысы 2022 жылы толық аяқталуға тиіс еді. Алайда халыққа берілген уәде де, жоспар да орындалмады. Жол азабын тартқан жолаушылар шағымданғанымен, жұмыстың аяқталар уақыты ұзай берді.
Осы жолдың сапалы әрі уақтылы салынуына мүдделі болып, жүйелі түрде бірнеше рет арнайы келіп бақылау жасаған Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерлан Саиров пен Лұқбек Тұмашиновқа аудан тұрғындары атынан зор алғыс айтамын. Сонымен қатар халық мүддесі үшін тынымсыз еңбек еткен «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ШҚО филиалының директоры Нұрбек Темірхановқа, Абай облысының «ҚазАвтоЖол» филиалының директоры, жерлесіміз Айбек Ануарбековке ерекше алғыс білдіреміз. Мердігер компания «Синьсин құрылыс және дамыту Қытай компаниясы» ЖШС филиалының басшысы, жобаның жетекшісі Си Цзюнь мырзаға, сондай-ақ жол бойында күн-түн демей еңбек еткен барша жұмысшыларға аудан халқы атынан зор ризашылық айтамыз, — деді аудан әкімі.
Қытай мен Ресейді жалғап жатқан бұл күре жол шекаралық шалғай аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына, көлік-логистика саласының өркендеуіне зор ықпал етпек.




