Мектеп оқушыларына ауыз бекітуге бола ма? Ораза ұстау баланың денсауығына қалай әсер етеді? Бұл туралы Өскемендегі №1 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Дана Қайратова айтып берді, деп хабарлайды F16.kz.
Биыл қасиетті Рамазан айы 19 ақпанда басталып, 29 күнге созылады. Қадір түнін мұсылман қауымы наурыздың 16-нан 17-не қараған түні қарсы алады. Ал Ораза айт мерекесі 20 наурызда тойланады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен биылғы пітір садақаның мөлшері 735 теңге болып белгіленді. Облыстың бас имамы Думан Сайфуллиннің айтуынша, қасиетті айда өңірде күн сайын ұйымдастырылатын ауызашар мен тарауық намазынан бастап түрлі қайырымдылық шаралары, рухани-танымдық кештер өткізіледі.
Рамазан айында мұсылмандар тек ашығумен шектелмей, рухани кемелденуге, қайырымдылыққа, ізгілікке ұмтылғаны абзал. Ренжіскен адамдар бір-бірімен татуласып, сауапты істерді көбірек істеуі керек. Сондықтан өңір мешіттерінде бір айы бойы қайырымдылық істері тоқтамайды. Ауызашар беріліп, әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсетіледі. Ірі компаниялардың демеушілігімен азық-түлік жиынтығы салынған себеттер таратылады. «Имам такси» қызметі жалғасын табады. Сол сияқты жастарға арналған рухани кештер ұйымдастыру да жоспарда бар, – деді Думан Сайфуллин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Қаладағы №1 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Дана Қайратова оразаның денсаулыққа әсері туралы айтып, жүрек-қан тамырлары, эндокрин жүйесі немесе онкологиялық аурулары бар азаматтар мен мектеп оқушылары ауыз бекітпес бұрын міндетті түрде дәрігерден кеңес алуы керектігін атап өтті.
Денсаулығы нашар оқушыларға, оның ішінде онкология, қан аздығы, жүйке жүйесі, эндокриндік аурулармен науқастанғандарға, басқа да сырқаттармен есепте тұрғандарға ораза ұстамаған абзал. Себебі ашығу олардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Сол сияқты күнде ерте тұрғандықтан ұйқысы қанбай, сабақта ұйықтап отырады. Сабақ оқуға ынтасы төмендеп, үлгерімі нашарлайды. Ең бастысы денсаулығына зиян келуі ықтимал, – деді дәрігер.
Медицина қызметкері он екі мүшесі сау, денсаулығы қалыпты ересек адамдарға ораза ұстаудың тигізер пайдасы зор екенін атап өтті.
Ашығу адам ағзасын қалдықтардан тазартады. Созылмалы аурулардың алдын алады. Қанды тазартады және басқа да пайдалы жақтары бар, – деп қосты Дана Қайратова.




