«Ауыл» телеарнасында бұрын-соңды болмаған мега жоба басталды. «Үздік ауыл» жобасында әр облыстан тек бір ауыл қатысып, өз мықтылығын дәлелдейді. Бүгінде 17 облыстың намысын қорғайтын 17 ауыл анықталып жатыр. Республикалық жобаға Шығыс Қазақстан атынан Өрел ауылы қатысады, деп хабарлайды F16.kz.
Жобада алғашқы кезеңнен кейін 10 ауыл іріктеледі. Одан әрі солардың ішінен 2 үздік ауыл финалға жолдама алады. Ал екінші кезеңнің жеңімпаздарын көрермендер анықтайды. Финалда биылғы «Үздік ауылды» анықтау үшін шетелдік қазылар алқасы шақырылады.
Яғни ауылдастардың, аудан тұрғындары мен барша шығысқазақстандықтардың қолдауы Өрелдің келесі кезеңге өтуіне ықпал етпек.
Жоба ауылдардың әлеуетін танытып, олардың жетістіктерін көпшілікке көрсетуге мүмкіндік береді. Дауыс беру екі кезең бойынша өтеді. Бірінші кезең 2026 жылғы 12-18 қазан аралығында Instagram желісіндегі @auyltv.kz парақшасында ұйымдастырылады. Екінші кезең 19-25 қазан күндері YouTube желісіндегі @auyltvkz арнасы арқылы өтеді. Ал жобаның финалы 31 қазанға жоспарланған.
Байқау ережесіне сәйкес, финалға өтетін екі ауылдың нәтижесі қаралым, лүпіл және пікір саны негізінде қалыптасатын ұпайлар арқылы анықталады.
Осыған орай облыс әкімдігі тұрғындарды Өрел ауылы туралы сюжетті әлеуметтік желілерде бөлісуге, ортақ чаттарға таратуға және дауыс беруге белсенді қатысуға шақырады. Бұл жоба ауылдың жетістіктерін кеңінен насихаттап қана қоймай, туған жерге деген жанашырлық пен өңірлік бірлікті нығайтуға да ықпал етеді.




