Қызметтік өкілеттігін пайдаланып, сеніп тапсырылған мүлікті жымқырған «Өскемен әуежайы» АҚ бұрыңғы президенті, атқарушы директоры мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету тобының басшысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды F16.kz.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, экс-басшысы мен атқарушы директор бөтен мүлікті бір емес, бірнеше рет аса ірі көлемде жымқырған.
Сонымен қатар, «Өскемен әуежайы» АҚ-ның президенті мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға ретінде өз қызметтік өкілеттіктерін қызмет мүддесіне қарсы пайдаланып, өз пайдасын алмақ болған. Бұл әуежайдың (акцияларының 100% мемлекетке тиесілі) заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіріп, ауыр салдарға әкелген, — делінген облыстық соттың хабарламасында.
Сот анықтағандай, айыпталушылар 2018 жылдан 2023 жылға дейін еңбек шарты бойынша келісімшарттар жасап, сыртқы ұйымдарға төлем шығыстарын көбейтіп, келісімшарттағы сомма мен нақты төленген сома арасындағы айырманы өздеріне аударып отырған.
Сотталушылар өз кінәсін толық мойындаған жоқ.
Сот үкімімен:
— «Өскемен әуежайы» АҚ президенті ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы және 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша 8 жылға сотталып, мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылды;
— Атқарушы директор ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша 7 жылға сотталып, қосымша жаза ретінде 10 жыл мерзімге белгілі қызмет түрін атқару құқығынан айырылды. Баласы кәмелеттік жасқа толмағандықтан, сот тағайындаған жазаның орындалуы бала 14 жасқа толғанға дейінгі уақытқа шегерілді;
— Ал, техникалық қамтамасыз ету тобының басшысына ҚР ҚК-нің 189-бабы 2-бөлігінің 1-ші және 3-тармақтары бойынша айып тағылып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына байланысты амнистия туралы» заңы бойынша жазаның мерзімі жартысына қысқартылып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды және қосымша жаза ретінде 3 жыл мерзімге белгілі қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Сонымен қатар сот «Өскемен әуежайы» АҚ-ның азаматтық талап арызын қанағаттандырып, экс-басшыдан 120 512 179 теңге; атқарушы директор мен басшыдан бірлесіп 18 718 914 теңге және басшы мен техникалық қамтамасыз ету тобының басшысынан бірлесіп 2 127 501 теңге өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.




