Шығыс Қазақстанда көктемгі су тасқыны кезеңі басталды. Қазір Ертіс өзені алабындағы гидротехникалық нысандар күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды F16.kz.
Қазіргі гидрологиялық жағдайға сәйкес аймақтағы Өскемен, Бұқтырма және Абай облысы аумағындағы Шүлбі су электр станциялары Ертіс бассейндік су инспекциясымен бірлесіп реттелген режимде су жіберуді жүзеге асыра бастады. Мамандардың айтуынша, көктемгі тасқынның негізгі кезеңі биыл ерте басталып кетті.
Өскемен ГЭС-індегі жағдай тұрақты. Станцияда орта есеппен қалыпты режимде секундына шамамен 550 текше метр су электр энергиясын өндіруге жұмсалса, қазіргі кезеңде су көлемі едәуір артқан: секундына шамамен 1250 текше метр су кетіп жатыр. Оның 500 текше метрі генерация процесіне тартылмай, су төгетін бөгет арқылы ағады. Бұл – су деңгейін реттеу және төменгі ағыстағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолданылатын стандартты тәжірибе.
Гидроэнергетика саласы мамандары су тасқыны кезеңін тек табиғи құбылыс емес, сонымен қатар өзен экожүйесінің маңызды бөлігі деп бағалайды. Көктем кезіндегі Ертіс суының көтерілуі өзен арнасының табиғи режимін сақтап, балықтардың уылдырық шашуына, су жайылатын аумақтардың ылғалдануына және жалпы биологиялық тепе-теңдіктің сақталуына тікелей әсер етеді.
Сарапшылардың айтуынша, су қажетті мөлшерде белгілі бір тәртіппен жіберілмеген жағдайда, Ертіс өзенінің төменгі ағысындағы экожүйенің тұрақтылығы бұзылуы мүмкін. Сондықтан ГЭС жұмысы тек энергетикалық міндетпен шектелмей, су шаруашылығы мен экология арасындағы тепе-теңдікті де қамтамасыз етеді.
Қазір су жіберу режимі барлық салаарды ескере отырып реттеліп отыр. Атап айтсақ, энергетика, су ресурстары, кеме қатынасы және ауыл шаруашылығы сынды бағыттар назарға алынған. Мәселен, көктемгі су тасқыны кезінде Ертіс өзені Павлодар облысы аумағында кемерінен асып, жағалауға жайылады. Соның нәтижесінде 377 мың гектар табиғи уылдырық шашу аймағы қалыптасады.
Мамандардың айтуынша, мұндай табиғи циклдің сақталуы балық шаруашылығы үшін де аса маңызды. Су деңгейінің көтерілуі балықтардың көбеюіне қолайлы жағдай туғызып, өзен биоресурстарының жаңаруына ықпал етеді.
Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмысы алдын ала жүргізілген. Күзгі-қысқы маусымда Өскемен ГЭС-те негізгі жабдықтарға жоспарлы жөндеу жүргізіліп, гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайы тексерілген. Сонымен қатар басқару және бақылау жүйелері жаңартылып, жұмысшылар арнайы жаттығудан өткен.
Станцияның су тасқынына дайындығы тәуелсіз сарапшы мен Ертіс бассейндік су инспекциясы өкілдерінің қатысуымен ресми түрде расталып, тиісті актіге қол қойылған.
Өскемен ГЭС өкілдері қазіргі су көлемінің артуына қарамастан, станция штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын және барлық қауіпсіздік талаптары толық сақталатынын атап өтті. Негізгі мақсат — су тасқыны кезеңін ешқандай іркіліссіз, қауіпсіз әрі экожүйеге зиян келтірмей өткізу.
Жалпы алғанда, Ертіс бойындағы су тасқыны — тек техникалық процесс емес, табиғи жүйенің маңызды бөлігі. Ал ГЭС жұмысы осы табиғи цикл мен адам қажеттілігі арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың негізгі тетігі ретінде қарастырылып отыр.




