Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мамандары Өскемен тұрғынының қызмет алу құқығын қалпына келтіруге көмектесті, деп хабарлайды F16.kz.
Биылғы қарашада департаментке Өскемен қаласы Радужный ауданының тұрғынына «Үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттарды ресімдеу» мемлекеттік қызметін көрсету мүмкін еместігі жөнінде өтініш келіп түскен. Өтініш Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан жолданған. Қызмет көрсетілмеуіне мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі техникалық сәйкессіздік себеп болған. Дәлірек айтқанда, электронды үкімет порталы арқылы өтініш берілгенде азаматша Л.Белованың өтініші автоматты түрде Глубокое ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жолданған. Себебі Үкіметтің 2019 жылғы 8 ақпандағы қаулысына сәйкес, Глубокое ауданының бір бөлігі, оның ішінде Радужный тұрғын ауданы Өскемен қаласының аумағына енгізілген. Өтінішті зерделеу барысында қабылданған қаулыға қарамастан, мемлекеттік ақпараттық жүйелерге тиісті өзгерістердің уақтылы енгізілмегені анықталған. Осыған байланысты департамент ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу және өзектендіруге жауапты орталық уәкілетті мемлекеттік органдарға деректер базасына қажетті түзетулер енгізу жөнінде ресми хат жолдады. Нәтижесінде анықталған техникалық сәйкессіздіктер жойылып, Өскемен тұрғынына аталған мемлекеттік қызмет заңнама талаптарына сәйкес көрсетілді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті алдағы уақытта да азаматтардың құқығын қорғау және мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырады.
Е.Айқымбеков,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
ШҚО бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы




