Өскемендегі «Юбилейный» кинотеатрында «9_16» қысқаметражды көркем фильмінің көрсетілімі болды. Кинотуынды балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг пен кибербуллинг проблемасын қозғайды, деп хабарлайды F16.kz.
Іс-шара Ішкі істер министрлігінің қолдауымен, 2026 жылға арналған «Заң және тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» бастамасы аясында өтті. Жоба қоғам назарын балалар қауіпсіздігі мен буллингтің алдын алу мәселесіне аударуға бағытталған.

Көрсетілім жастар арасында үлкен қызығушылық тудырды, оны қаладағы мектеп оқушылары мен студенттер тамашалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер ересектер байқай бермейтін өзекті мәселені талқылауға мүмкіндік береді.
Фильм көрсетер алдында ШҚО полиция департаментінің қызметкерлері көпшілікке арнап көрме ұйымдастырды. Келушілер полицияның құрал-жабдықтарымен, арнайы киімдерімен, қызметтік көліктерімен және құқық қорғау органдарының жұмысында қолданылатын басқа да техникалармен танысты. Бұл шара жастардың полиция мамандығы туралы түсінігін кеңейтіп, құқық қорғау қызметіне деген сенімді арттыруға ықпал етті.

Фильмге келсек, көркем туында маңызды әлеуметтік тақырыптарды қозғайды: балалар арасындағы достық, сенім, өзара қолдау. Сонымен қатар буллингтің салдары мен қиын жағдайдан шығу жолдары көрсетіледі. Буллинг тек физикалық күш көрсетумен шектелмей, мазақ ету, елемеу, ауыр сөздер айту сияқты формада да көрініс табатынына ерекше назар аударылады.
Бұл туындының негізгі тақырыбы – балалар қауіпсіздігі. «Буллинг» деген сөзді естігенде көбіне физикалық зорлық, мазақ ету немесе қорлау елестейді. Алайда буллингтің басқа, көрінбейтін түрлері де бар. Бұл фильм тек буллингтің салдарымен күресуді емес, оның себептері туралы ойлануды да мақсат етеді.
Полиция департаментінің қолдауымен фильм кең аудиторияға көрсетілді, авторлар ұлттық және отбасылық дәстүр, адамгершілік, достық пен сенім сияқты маңызды құндылықтарды жеткізгісі келген. Буллингтің алдын алу – әрқайсымыздың міндетіміз. Бұл құқық қорғау органдарының ғана емес, әр бала мен ата-ананың жауапкершілігі. Егер әркім өз отбасынан бастап, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды сақтаса, буллинг проблемасын жеңуге болады, – деді SAMGA дамыту орталығының жетекшісі және Re. Women әйелдер қауымдастығының төрағасы Әлия Көңілхан.




