Өскеменде тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен шұғылдануына және бас қосуына мүмкіндік беретін жаңа қоғамдық кеңістіктер ашылып жатыр. Мұндай жобалар қаланың жекелеген шағын аудандарын ғана емес, елді мекендердегі әлеуметтік ортаны да жаңғыртуға бағытталған, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Таяуда облыс орталығының Үлбі шағын ауданында бұған дейін бос жатқан аумақ жаңа қоғамдық кеңістікке айналды. Енді мұнда тұрғындар отбасымен келіп, балаларын ойнатып, спортпен шұғылданып немесе таза ауада демала алады.

Жаңа аумақта заманауи балалар ойын алаңы, воркаут аймағы, баскетбол және волейбол алаңдары, демалыс орындары мен автотұрақ жабдықталған. Аумаққа 900 шаршы метр брусчатка және 1 508 шаршы метр тартан жабыны төселді. Ал келесі кезеңде мұнда футбол алаңын салу жоспарланып отыр.
Қоғамдық кеңістіктің тағы бір артықшылығы — оның тұрғындардың әртүрлі жас санатына қолайлы етіп жасалуы. Балалар ойын алаңында уақыт өткізсе, жастар спортпен айналыса алады. Ал ересектер үшін тынығып, өзара араласуға мүмкіндік беретін орындар қарастырылған.
Қала күні қарсаңында Самсоновка ауылында да жаңа нысан ел игілігіне берілді. Мұнда комьюнити-орталық өз жұмысын бастады.

Бұған дейін дүкен орналасқан ғимарат қайта жаңғыртылып, қазіргі таңда онда ауыл әкімдігі, учаскелік полиция пункті, акт залы және қажетті кабинеттер орналасқан. Сонымен қатар тұрғындар үшін бас қосып, маңызды мәселелерді талқылауға және өз бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ортақ кеңістік пайда болды.
Комьюнити-орталықта балалар мен жастарға арналған түрлі іс-шаралар өткізуге, тұрғындардың бас қосуына, сондай-ақ жергілікті қоғамдық бірлестіктердің жұмысын ұйымдастыруға мүмкіндік бар.
Мұндай жобалар қоғамдық инфрақұрылымды дамыту ғана емес, елді мекендердің өмір сүру ортасын жақсарту тұрғысынан да маңызды. Бос жатқан аумақтар абаттандырылып, пайдаланылмай тұрған ғимараттар жаңғыртылып, тұрғындардың кездесіп, спортпен шұғылданып, демалып, ортақ бастамаларды жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасалуда.
Қоғамдық кеңістіктердің көбеюі — тұрғындардың өз ауласында, өз шағын ауданында немесе ауылында жайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесі.





