Биылғы 3 желтоқсанда облыс орталығында «Рухты теңдік» инклюзивті фестивалі өтеді. Оған аймақтың жеті ауданынан және Өскемен қаласынан ерекше қажеттілігі бар өнерпаздар қатысады, деп хабарлайды F16.kz.
Шығыс Қазақстан облыстық зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана директоры Бекайым Ұябаеваның айтуынша, фестивальдің алғашқы кезеңі аудан-қалаларда ұйымдастырылған. Одан кейін екінші кезеңде қырыққа жуық қатысушының өнері тағы бір мәрте сүзгіден өтіп, үздіктер анықталған.
Бұл іс-шараны өткізудегі мақсат – мүгедектігі бар адамдардың шығармашылық әлеуетін дамыту, инклюзивті бастамаларды қолдау және қоғамда толерантты көзқарасты қалыптастыру. Өнер байқауына барлығы 66 өтінім қабылданды, оның 39-ы Өскемен қаласынан, 27-сі аудандардан келіп түсті. Қатысушылардың өнерін кәсіби мамандардан жасақталған қазылар алқасы бес аталым бойынша бағалады. Атап айтқанда, вокалдық және аспаптық орындау, авторлық шығармашылық (поэзия, ән, музыка), бейнелеу өнері және қолданбалы қолөнер. Жеңімпаздар анықталды, олардың есімі 3 желтоқсанда өтетін гала-концертте жарияланады, – деді Бекайым Ұябаева.
Облыс әкімінің және мәдениет басқармасының қолдауымен, зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана мен облыстық филармонияның бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілетін фестивальдің жалпы жүлде қоры 4,5 млн теңге.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Рухты теңдік» фестивалі аясында аймақтағы креативті индустрияны қолдау мақсатында декоративті-қолданбалы өнер туындыларының көрме-жәрмеңкесі де өтеді.




